ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбденнің штабы ашылды
Президенттікке кандидат Қарақат Әбден үгіт-насихат жұмыстары алдында үлкендерден бата алды.
Жастайынан қазақы болмыс пен ұлттық нақышқа ерекше ден қойған үміткер ең әуелі ата-анасының шаңырағына ат басын бұрды, деп хабарлайды Altaynews «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Бата – шынайы тілек білдіру дәстүрі. Сәтті жұмыстың бастауы. Қарақат Жақсылыққызы осылай дейді.
Үлкендердің ақ батасын алғаннан кейін кандидат аймақтарды аралап, жұртшылықпен кездесуін бастайды.
"Үлкеннің ішінде әке-шешеге деген құрмет бөлек. Үйге келіп, үлкендердің батасын алуды жөн көрдім. Бүгін үміткердің орталық сайлауалды штабы өз жұмысын бастады. Алғашқы отырыс өтті. Штаб өкілдері материалдық-техникалық база толықтай жасақталған", - дейді Қарақат Әбден.
Үміткердің орталық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Берік Төребеков 20 штабтың жұмысқа дайын екенін айтты.
"Тиісті тапсырмалар беріліп, дайындық бойынша пысықтаулар өткізілді. Айта кетейін, 20 өңірімізде, аймағымызда 20 штаб толықтай дайын жұмысқа", - деді ол.