Ауыл шаруашылығын әртараптандыратын кез келді - Жигули Дайрабаев
Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев Қызылорда облысына барып, тұрғындармен жүздесті, ауыл шаруашылығы мәселелерін талқыға салды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Кандидат Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен, сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі мәселелерді талқылады.
Соңғы жылдары Сырдария өзені тартылып отыр. Су тапшылығы күріш шаруашылығына кері әсер етуде.
– Диқандар көңілі алаң. Су жетпесе, еңбектің еш кеткені. Сондықтан мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек. Ауыл шаруашылығын әртараптандыратын кез келді. Себебі тек күріш егумен ел қамбасы тоқ болмайды, – деді кандидат.
Жигули Дайрабаев ғылым мен өндірісте үндестік керектігіне назар аударды. Әсіресе суармалы жүйеге негізделген өңір үшін қазіргідей су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды. Кандидат бастамаларын қолдаған шаруалар мен ғалымдар алда жүзеге асатын жобаларда бірлесе әрекет етуге дайын екендігін жеткізді.