Перзентханадағы жас аналар дауыс берді - ШҚО
Бүгін елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі маслихат дептаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Саяси науқанда еліміздің әр тұрғыны өз таңдауын жасай алады.
Жауапты міндеттен Ана мен бала орталығында жатқан жас аналар да қалыс қалмады. Олар №60 жабық сайлау учаскесінде дауыс беруде, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
- Мен жақында ғана төртінші баламды өмірге әкелдім. Бүгін 30 апталық сәбиіммен осы орталықта өз таңдауымызды жасадық. Еліміздің және балаларымның болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Еліміздің әр тұрғынының дауысы маңызды екенін білемін, - дейді Эльвира Раянова.
Сайлау күні қарсаңында өңірде 14 сәби, яғни 4 ұл, 10 қыз бала дүние есігін ашқан.
- Бізде сайлау жабық түрде өтіп жатыр. Яғни орталықты жатқан болашақ аналар мен жас аналар дауыс беруде. Қазіргі сәтте бізде дауыс беретін 200-ге жуық әйел тіркелген. Өз жағдайларына қарамастан барлығы белсенді түрде келіп дауыс беруде. Жарты сағаттың ішінде 50-ден астам әйел дауыс беріп үлгерді, - дейді №60 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қазима Рахметова.