«Altay Athletics» спортшылары Кенияда жүр
«Altay Athletics» клубының бір топ спортшысы алдағы байрақты бәсекелерге Кенияда дайындалуда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, дәл қазір аталмыш мемлекеттің теңіз деңгейінен 2 400 метр биіктікте орналасқан Итен қаласының жеңілатлетикалық базасында алты спортшымыз бен жаттықтырушы Андрей Лейменов жүр. Спортшыларға келетін болсақ, Кения жеріндегі оқу-жаттығу жиындарына Гүлжанат Жанатбек, Арина Гладышева, Нора Джеруто, Дейзи Джепкемей, Шедрак Коэч пен Каролин Кипкируи қатысуда.
– Мұнда келуіміздің негізгі себебі – әлемдегі ең үздік жеңілатлетикалық базалардың бірі саналатын Итеннің тәжірибесімен танысу. Бұл жерде төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген атлеттер жаттығу жиындарын өткізеді. Арасында Олимпиада және Әлем чемпиондары да бар. Сондай спортшылармен бірге жаттығу – біз үшін таптырмас мүмкіндік, – дейді жаттықтырушы Андрей Лейменов.
Белгілі болғандай, дәл қазір Итенде 50-ден астам жеңіл атлет оқу-жаттығу жиындарын өткізуде екен.