KZ
Өскемен
-7°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

«Барша жұрт «Алтайдан» тек 1-орын күтеді» - Юрий Панченко, «ALTAY» командасының бапкері

27.04.2019, 09:58 183

 «ALTAY» волейбол командасы қазір Қытай елінде Азия Кубогі үшін додаға түсіп жатыр. Команданың бапкері Юрий Петрович Панченко жарыс алдында арнайы сұхбат берген еді.

 - Биыл жарыс Қытайда өтеді. Қандай нәтиже күтесіз? Азия командаларының ішінен қайсысын нағыз қарсылас ретінде көресіз? Өз болжамдарыңызбен бөліссеңіз.

 - Дәстүрлі түрде жеңімпаз болып келе жатқан Қытай, Тайланд және Жапония елдерінің командалары біздің басты қарсыластарымыз деп ойлаймын. Осы үш елдің командалары жеңіске үміткерлердің алдыңғы қатарынан. Ал, төртінші мықты команда ретінде жақсы нәтиже көрсетуге тырысатын «ALTAY» командасы саналады. Былайша айтқанда, бұл Кубоктың да өз ерекшелігі бар. Чемпионатқа осы жерде ары қарай ойынды жалғастыратын ойыншылармен баруды шештік. Сондықтан, осы ойыншыларға сенім арттық. Бұл жарыстың да тәжірибесі алдағы уақытта біздің спортшы қыздарымызға көмектесері анық.

 - «Алтай» тек жеңіс үшін жаратылған команда. Осындай пікірге Сіздің көзқарасыңыз қандай?

 - Иә. Барша жұрттың «Алтай»-дан тек 1-орын күтетініне менің етім үйрене бастады. Біз сенімді ақтауға тырысып келеміз.

- Талдықорғанда өте ауыр финал өткіздіңіздер. Команда Азия чемпионатына қаншалықты дайын?

 - Енді қаншалықты дайын екенімізді Қытайдағы ойын көрсете жатар. Біз араға еш үзіліс салмастан бір жарыстан шығып, екінші жарысқа кетіп бара жатырмыз. Жақында ғана өткен Қазақстан Республикасы чемпионаты оңай болған жоқ. Біз «Жетісу» командасымен өте қызу да қиын ойын өткіздік. Тап кеше өткендей әлі көз алдымда тұр. Сондықтан болар, ойыншыларда психологиялық әрі физикалық шаршау бар. Бірақ, менің ойымша, «Алтай-2»-ден алынған жас ойыншылар бізге көмектеседі. Негізінде «Алтай-1» мен «Алтай-2» екеуі де «ALTAY» клубының ойыншылары ғой, сондықтан команда арасында аса көп айырмашылық жоқ. Жас ойыншылар өздерінің жастығымен, темпераментімен команданы сілкіп алып, алға жеңіске тартуы тиіс.

 - 2018 жылы өткен чемпионат бойынша «Алтай» командасы 4-орынды иеленді. Өткен жарыстан Сіз және команда қандай тәжірибе алдыңыздар?

 - Біріншіден, тәжірибені әрқашан жетілдіріп отыру қажет. Өткен жылы 3-орынға жетудің аз-ақ алдында қалғанбыз. Қытай командасымен болған кездесуде Ольга Дробышевская ауыр жарақат алып қалды. Сол себепті ойынның бесінші партиясында ойыншылардың құрамын ауыстыруға тура келді. Ойын барысында біз мынадай шешімге келдік. Қандай да бір нәтижеге қол жеткізгісі келетін ойыншыларға ғана сену керек екен. Өйткені біздің клубта ең алдымен қазақстандық ойыншылар ойнайды. Оларға осының бәрі жақын әрі осы медальдарды иелену оларға қызығырақ. Сол себепті тағы да айтамын, ойыннан біз өзімізге сабақ алдық және шешім шығардық. Дегенмен, бұл мүлдем басқа волейбол. Қанша айтқанмен, Қазақстанда еуропалық волейболдың үлгісі қалыптасқан. Ойыншылар еуропалық стильде ойнайды. Біздің қыздар сұңғақ бойлы, физикалық жағынан күштірек. Ал азиялық команданың ойыншылары өте жылдам әрі мықты соққыларға төтеп үйренген. Олар басқаша ойнайды. Сол себепті азиялық командалармен бізді мүлде басқа волейбол күтіп тұр.

 - Ойын болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жеңіс және жеңіліс сәттерінде Сіз бапкер ретінде қандай күй кешесіз?

- Жақсы сұрақ. Жеңіс сәтінде мен команда үшін қуаныш пен мақтаныш сезіміне бөленемін. Мен жаттықтырған спортшы қыздардың еңбектері зая кетпей, көптен күткен нәтижеге қол жеткізгендері мені қуантады. Ал жеңілген сәтте мен ерекше кінәлі күй кешемін. Өз-өзімнен кінәрат іздеп, бәрін қайтадан басынан бастап талдап, сол кезде не істеуге болатынын ойлай бастаймын. Сондықтан, жеңілу - әрқашан жағымсыз сезім дер едім. Жеңу – өте жақсы, жағымды сезім. Бұл менің жұмысым. Әдетте жеңетін команда, жеңілетін бапкер деп айтады ғой. Сондықтан команда жеңіліске ұшырағанда, ең алдымен сұраныс бапкерден болады, содан кейін барып ойыншылардан талап етіп жатады. Ал жалпы, бізден күтетін волейболды көрсетуге тырысамыз.

 - Ойын сәтінде кейбір ойыншылар жарақат алып жатады. Соңы не болады? Сол туралы айтып берсеңіз.

- Иә, ондай болып тұрады. Солардың бірі – Наталья Шаршакова. Қазір жарақат алған ойыншыларымыз интенсивті емделуден өтіп жатыр. Чемпионаттарға қатысып, ұзақ ойнап жүрген әр ойыншыда қандай да бір жарақаттар болады. Біздегі дәрігерлердің көмегімен және фитнес залдағы жаттығулардың арқасында біздің ойыншылармыз жақсы формада. Басқа клубтың ойыншыларымен салыстырғанда біздің спортшы қыздарымыз физикалық тұрғыдан жақсы күйде деп айта аламын. Соған қарағанда, біз дұрыс нәрсе істеп жүрген шығармыз. Бұдан бөлек, мен бізге қолдау көрсетіп жүрген жанкүйерлерімізге алғысымды айтқым келеді. Жанкүйерлер біздің команданың ажырамас бір бөлігі. Жеңістерімізбен қуанту үшін біз қолымыздан келгенін жасаймыз.

 

«Алтай» волейбол клубының баспасөз қызметі

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу