Волейбол: «Алтай» командасы екінші жеңісіне қол жеткізді

Ашық дереккөздерден алынған сурет
«Алтай» командағы Вьетнамда (Виньфук) волейболдан өтіп жатқан ХХІІІ Азия клубтық чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді.
Өскемендік арулар «В» тобында бүгін Моңғолияның «Khuvsgul Erchim VC» командасымен бақ сынасты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан чемпионы құрлықтық додада «В» тобында «Liaoning Donghua VC» (Қытай), «Diamond Food Fine-Chef Sport Club» (Таиланд), «Khuvsgul Erchim VC» (Моңғолия), «Hip Hing VB Club» (Гонконг) командаларымен сынға түспек.
Юрий Панченко жаттықтыратын өскемендік арулар бүгін 25:12, 25:9, 25:11 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке барысында команда капитаны Сана Анарқұловаға қоса, Светлана Парухова, Ирина Малькова, Сара Сакрадзия, Анджела Веселинович, Елизавета Мейстер, Валерия Чумак, Мәдина Бекет, Томирис Сағымбаева, Зарина Ситқазинова секілді ойыншылар бір-бірін алмастырып, алаңға шықты.
Осылайша, «Алтай» екі турдан кейін 5 ұпай жинады.
Ертең жерлестеріміз өз тобындағы басты қарсыласы, қытайлық «Liaoning Donghua VC» клубымен сынға түседі.