«Алтай» Азия чемпионатындағы алғашқы ойнында жеңіске жетті
«Алтай» Азия чемпионатындағы алғашқы ойнында 3:0 есебімен жеңіске жетті
«Алтай» Азия чемпионатын жеңіспен бастады. Өскемендік команда Қытайдың Тяньцзинь қаласында жалауын желбіреткен волейболдан клубтық Азия чемпионатының шымылдықашар ойынында 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Бұл кездесуде Юрий Панченко шәкірттеріне тайбэйлік «Тайвань» командасы қарсы тұрған болатын. Қарсыластары едәуір қарсылық көрсеткеніне қарамастан үш партияға созылған ойынның барлық кезеңі шығысқазақстандық команданың пайдасына аяқталды. Бірінші партияда екі доп айырмасымен (26:24) жеңіске жеткен алтайлық арулар бұдан кейінгі кезеңдерде тайбэйліктерден сәйкесінше 25:18 және 25:20 есебімен басым түсті.
Осылайша, «А» тобына түскен Қазақстан чемпионы жарыстағы алғашқы ұпайларына ие болды. Ертең жерлестеріміз гонконгтық қарсыластарымен шеберлік байқасады. Еске салайық, біздің топта бұл ұжымдардан бөлек жарыстың басты фавориттерінің бірі қытайлық «Тяньцзинь Бохай Банк» командасы да өнер көрсетеді. Осы ретте «Алтай» мен Қытай чемпионы арасындағы кездесу 30 сәуір күні ойналатынын айта кеткен жөн.
Айта кетейік, биылғы дода «Алтай» қыздары үшін төртінші құрлықтық бәсеке болайын деп тұр. Бұған дейінгі үш жарысты да (оның екеуі Өскеменде өткен) жерлестеріміз жүлдеге қолсозым жерде, төртінші орында аяқтауға мәжбүр болған.