KZ
Өскемен
+11°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
439.43 473.31 4.82

ШҚО спортшылары слаломда ескек есуден Азия чемпионатында қола жүлде алды

Фото: Аяужан Утеулинова
Фото: Аяужан Утеулинова
2.11.2023, 21:18 655

Шығыс Қазақстан облысының спортшылары слаломда ескек есуден Азия чемпионатында қола медаль алды. Оған дейін Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында өнер көрсеткен.

Бүгін оларды туыстары мен жаттықтырушылары, Спорт басқармасының өкілдері құрмет көрсетіп қарсы алды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

—Биыл Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындары өтті. Қазақстанның құрама командасында 525 спортшы өнер көрсетті. Біздің облысымыздан 27 спортшы 6 спорт түрі бойынша бақ сынады. Дәлірек айтсақ, бүгін есу слаломынан күміс жүлде алған Анастасия Ананьева, қола жүлде алған Екатерина Таранцева мен Александр Куликов сынды спортшыларды күтіп алдық. Облыс спортшылары 9 медаль алды, оның үшеуі — күміс, алтауы — қола медаль. Ал Жапонияның Токио қаласында слаломда ескек есуден Азия чемпионаты өтті. Облыс спортшылары өте жоғары деңгейде өнер көрсетті деп айтсақ болады. Байдаркада ескек есуден командалық есепте Владислав Рябко, Иманғали Мәмбетов, Қуаныш Еренғайыпов қола жүлдеге ие болса, әйелдер арасында командалық есепте Дарья Чешуина, Екатерина Таранцева, Анастасия Ананьева қола жүлдеге ие болды. Жекелей есепте Анастасия Ананьева күміс жүлдені иеленсе, каноэеде командалық есепте Александр Куликов, Қуаныш Еренғайыпов, Әділ Аманбаев қола жүлде алды, — дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының Жоғарғы спорт жетістігі және спорт резерві бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марлен Маратов.

Байрақты бәсекелерде бақ сынап жүрген 16 жасар Екатерина Таранцева мен 18 жасар Анастасия Ананьева осымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта Олимпиада ойындарының іріктеу жарыстарына дайындықтың қарқынын арттырамыз дейді.

— Жарысқа алдын ала дайындалу үшін Ханчжоудағы жарыстан кейін бірден Токиоға Азия чемпионатына аттанып кеттік. Біз қатты қобалжыдық, өйткені бұл жарыстарға ұзақ уақыт дайындалған едік. Ең бастысы — жақсы нәтиже көрсету болды. Оған қол жеткіздік деп ойлаймын. Токиоға бара салып, слаломға арналған каналды байқап көріп, судың ағынын, түбінің кедір-бұдырлығын тексердік. Дайындық ыңғайлы жерде өтті. Бұл жолы «Париж-2024» жазғы олимпиадасына жолдама ала алмасақ та, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін олимпиада ойындарының іріктеуіне жақсылап дайындаламыз, —  дейді Анастасия Ананьева.

Спортшылардың жаттықтырушысы бірінен кейін бірі өткен үш жарысқа дайындалу оңай болмағанын айтады. Олар дайындық барысында спортшыларға әсер етуі мүмкін түрлі жағдайларды ескерген.

— Дайындық жоспарлы түрде ұзақ уақытқа созылды. Өткен жылдың қазан айында дайындықтың қарқынын үдеттік. Мемлекет дайындық жақсы деңгейде өтуі үшін жағдай жасады. Дайындықтың соңғы кезеңінде үш ай бойы оқу-жаттығу жиынында жүрдік. Жарыстардың уақыты тығыз болды. Спортшылардың рухын, ынтасын жоғалтып алмай, бабы келісуі үшін дайындықты мұқият жоспарладық. Спортшылар Әлем чемпионатына, Азия ойындарына, Азия чемпионатына бірінен кейін біріне қатысты. Әрқайсысында жоғары нәтиже көрсетуіміз керек болды. Ең бастысы, спортшылар осы жарыстарда қабілеті өскенін байқатты, — дейді слаломда ескек есуден Қазақстанның бас жаттықтырушысы Светлана Куликова.

Азия ойындарында өнер көрсеткен облыстың 9 спортшысы жүлдеге ие болды. Дәлірек айтсақ, семсерлесуде командалық жарыста Руслан Құрбанов және Вадим Шарлаимов, байдарка мен каноэде ескек есуден Маргарита Торлопова, слаломда ескек есуден Анастасия Ананьева ел қоржынына күміс медаль салды. Ал эстафетада Ефим Тарасов және биіктікке секіруде Надежда Дубовицкая, 10 мың және 5 мың шақырымға жүгіруде Каролин Кипкируи, слаломда ескек есуден Екатерина Таранцева мен Александр Куликов 3-орын алды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив