Жамбы ату федерациясы 2024 жылға арналған жоспарын жариялады
Фото: informburo.kz
Сауд Арабиясының Әл-Ула қаласында Әлем кубогінің финалына еліміздің намысын қорғауға 3 спортшы мен 1 жаттықтырушы барады.
Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар қатыспақ, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов осы спортты дамыту жоспарын жариялады.
Оның айтуынша, жамбы атудан өтетін жарыстардың сапасын арттыру мақсатында 2023 жылы федерация бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Осы орайда жарысқа арналған лазерлік таймер, нәтижелерді тіркеуге арналған бейнебақылау жүйесі, жарыс алаңында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жол белгілері, заманауи нысаналар, рациялар, оқ қағатын қорғаныш торы сатып алынды.
Одан бөлек, ұлттық спортты жастар арасында дәріптеу мақсатында жамбы ату тарихы кеңінен тарқатылып баяндалатын, спорттың қыр-сыры әңгімеленген кітап дайындалуда. Оған қоса балаларға арналған комикстер басылып шығарылмақ. Келер жылы спорттың осы түрі бойынша смартфондарға арналған қосымша іске қосылады.
Федерация басшысы келер жылдары Шымкент қаласында жамбы ату спортының үлкен академиясын ашу жоспарланғанын жеткізді.
Ал 7-10 желтоқсан аралығында Шымкентте, яғни қысқы маусымда ұйымдастырылып отырған алғашқы турнирге Қазақстанның барлық өңірінен 100-ге жуық спортшы қатыспақ.