KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 2,7 м/с, ОШ
481.84 531.33 5.07

Аягөздік аяқдопшы «Үздік ойыншы» атанды

17.05.2021, 16:28 292
Аягөздік аяқдопшы футзалдан Қазақстан чемпионатының үздік ойыншысы атанды. Еске салайық, өткен аптаның соңында мәресіне жеткен 2020-2021 жылдарғы ел біріншілігі алматылық «Қайраттың» жеңісімен аяқталған болатын.
Алматылық ұжым жарыстың плей-офф кезеңінің шешуші кездесуінде «Атырауды» 8:3 есебімен тізе бүктіріп, Қазақстанның 18 дүркін чемпионы атанған-ды.
Әдеттегідей, дода соңынан маусымның үздік ойыншыларын марапаттау рәсімі де ұйымдастырылған болатын. Осы ретте, дауыс беруге футзал клубтарының жетекшілері, бас бапкерлері, сонымен қатар, команда капитандары қатысып, ел чемпионатының үздік ойыншылары анықтағанын айту керек.
Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы біріншіліктің «Үздік ойыншысы» аталымында алматылық «Қайраттың» шабуылшысы, Аягөз ауданының тумасы Дәурен Тұрсағұлов жеңіске жетті. Жерлесіміз жалпы саны тоғыз дауыс жинаған екен.
Ал қалған аталымдарда «Қайраттың» капитаны Игита («Үздік қақпашы») мен оның командаласы Эдсонға («Үздік мерген») тең келер ешкім болмады.
Айт кетейік, биыл Тұрсағұлов тек елішілік додада ғана емес, Еуропаның Чемпиондар лигасында да ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсетті. Дәурен бастаған «Қайрат» командасы жарыстың жартылай финалына дейін жетіп, онда азулы «Барселонаға» жол берген болатын. Сол сияқты, биыл құрамында Аягөз спорт мектебінің бірнеше түлегі бар Қазақстан құрамасы да сәтті өнер көрсетті. Ұлттық құрама келер жылы Нидерланд елінде өтетін Еуропа чемпионатына күні бұрын жолдама алып қойды.
Бұл орайда, ел құрамасы сапында Дәуреннен бөлек, Біржан Оразов, Болат Сарбасов, Жомарт Тоқаев секілді Аягөз ауданының тумалары өнер көрсетіп жүргенін айта кеткен орынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив