Назым Жұмаділова: Экологиялық ахуалды ескерместен экономиканы қарқынды дамыту – қауіпті
Экологиялық құрамдас бөліктердің жай-күйін ескерместен, экономиканы қарқынды дамыту – қоршаған орта жағдайының нашарлауына әкеліп соғады. Мұндай пікірді экология магистрі Назым Жұмаділова білдірді.
«Қазақстандағы өзекті экологиялық мәселелерге қалалардағы ауаның ластануы, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың үдемелі жинақталуы, жердің тозуы мен шөлейттенуі, жерүсті және жерасты су көздерінің ластануы, аумақтың радиактивті зақымдануларын жатқызуға болады. Осы аталған мәселелерді шешумен «Эколог» маманы айналысады. Эколог – бұл адамның қоршаған ортаға тигізетін зардаптарының деңгейін зерттейтін және жер, су қоймалары, ауа, орман, жануарлар, климат және экожүйенің құрамдас бөліктеріне кері әсер ететін өзге де факторларды анықтап, салдарын азайту үшін шаралар қабылдайтын маман. Экологтың ең басты міндеті – болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтау», - дейді маман.
Н.Жұмаділованың айтуынша, ол үшін экологтар экологиялық жағдайға мониторинг жүргізіп, табиғи апаттардың алдын алуға арнайы шаралар үйымдастырады.
«Осы ретте, бүгінде осы бағыттағы жоғары білікті мамандарды өзіндік салт-дәстүріне бай, білім және ғылым салаларында көпжылдық тәжірибесі мол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО» кафедрасы дайындап отырғанын атап өткен жөн. Кафедрада студенттердің экология және тұрақты даму бойынша алған теориялық білімдерін тәжірибеде шыңдау үшін заманауи құралдармен жабдықталған зертхана жұмыс жасайды. Кафедраның оқу-зертханалық базасы бірнеше зертханадан тұрады, онда студенттер жетекшілерімен бірге ғылыми жұмыстармен айналысады», - дейді ол.
Эколог атап өткендей, бүгінде ЮНЕСКО кафедрасы заманауи зерттеу әдістерін меңгерген, экологиялық жағдайларды модельдеу мен болжау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелерін кешенді шеше алатын бәсекеге қабілетті және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды еліміз үшін дайындап отырғаны қуантады.