KZ
Өскемен
+2°
небольшой проливной дождь жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Шығыс өңірінде болған жер сілкіністері: Зайсандағы зілзала

2.05.2019, 05:53 1 265

Апат айтып келмейді. Табиғат апаттарының ең күштісі әрі нақты болжауға келмейтіні – жер сілкінісі. Шығыс Қазақстан өңірінің жартысынан астамы сейсмикалық қауіпті аумаққа жатады. Өлкедегі зілзала туралы алғашқы дерек 1761 жылы тіркеліпті. Бір ғасыр тыныш жатқан Алтайдың оңтүстік-батысы соңғы отыз жылда қайта сілкіне бастаған.1990 жылдың 14 маусымында Зайсан ауданында жер сілкініп, халыққа айтарлықтай зардап ти­гіз­ді.

 Біржан атты бір бала көз жұмды

 1990 жылғы 4 маусымда сағат 12-ден 47 минут өткенде облыстың оңтүстік-шығыс өңірінде жер сілкінді. Бұл апаттарихта «Зайсан зілзаласы» деген атпен қалды.

8874 үй қирап, 36 мың адам бас­панасыз қалды. Келген шығын 300 миллион сом деп бағаланды. Бұл сол кезде қыруар қаржы еді. Өкініштісі, магнитудасы 7-8 балдық жойқын зілзала салдарынан бүкіл бір ауданның жұрты үйлерінен айырыл­ды. Күршім мен Тарбағатай секілді көрші аудандар да зардапқа ұшырап, халықтың еле­улі бөлігінің баспаналары бүлініп, тұруға жа­ра­май қалды.

Отыз жылдай құтқарушы қызметін атқарып, қазір зейнет демалысына шыққан Қасым Тұржанов зілзалада адамдардың дүрбелеңге бой алдыруы заңдылық дейді. Зайсандағы жер сілкінісі кезінде өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеген ол, жұрттың апат кезінде абдырап қалғанын айтады.

– Сол күні мен кезекшілікте едім. Кешкі 8-дер шамасында жер сілкіне бастағанда, ауысымдағы алты адам далаға атып шықтық. Сыртта тұрған үлкен қызыл көлігіміз ойыншық секілді ары-бері қозғалып сілкініп тұр, – деп еске алды сол күнді құтқарушы.

Абырой болғанда, зілзала күндіз болғандықтан тұрғындардың көп­шілігі далада, түрлі жұмыстарда жүрген-ді. Сондықтан көптеген үйлердің қабырғалары жарылып, біразы құлап жатқан тұста зілзаладан бір ғана сәби шетінеді. Ол баланың аты Біржан болатын. Халық осы бір оқиғаны есте қалдыру үшін бала тұрған Рожков ауылының атын өзгертіп, оны «Біржан» деп атады. Кейіннен осы атау ресми түрде бекіді.

 Жер қыртысы бес жүз рет дірілдеген

 Бір жақсысы, елге зор ауыртпалық әкелген бұл зілзала зардаптары жедел еңсерілді. Бұған сол тұста респуб­лика басшылығына келген Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігі себеп болды. Жер сілкінгеннен кейін дереу Алматыда орталық штаб құрылып, зілзала зардаптарын жою, қиналған халыққа жәрдем беру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Нұрсұлтан Әбішұлы 18 маусымда Зайсан жеріне өзі де келіп жетті.

Елбасы ауылдарды аралап,халықпен  сұхбаттасты. Шығындарды өз көзімен көргеннен кейін, бүкіл республика халқын қалпына келтіру ісіне жұмылдырды. Атап айтсақ, ауданның әр ауылына бір-бір облысты бекітті. Еліміздің түкпір-түкпірінен құрылыс материалдарын тиеген жүк мәшіндеріауданға қарай ағылды. Сөйтіп, бірнеше мыңдаған тұрғын үйлер бір-екі жаздың ішінде толық қайта салынды. Ескі саман үйлердің орнын жаңа еңселі үйлер басты. Тіпті, кейбір елді мекендер үй тұрғызған сол облыстардың атымен де аталып қалды. Мысалы, Зайсан қаласының қайтадан жаңарған бір ықшам ауданы күні бүгінге дейін Шевченко деп аталады.

Бір атап өтерлігі, Зайсандағы зілзаладан соң бес ай бойы жер қыртысы тоқтамай бес жүз рет дірілдеп, оның екеуі 5-6 балға дейін жеткен.

 Соңғы отыз жылда тым жиілеп кетті

 Шығыс Қазақстан аумағындағы ірі жер сілкінісі туралы алғашқы дерек 1761 жылы тіркелген. Осы жылы болған Моңғол еліндегі 11 балдық жер сілкінісінің әсері Семей мен Өскеменде сезіліп, магнитудасы 6 балға дейін жеткен.

1887 жылы Өскеменде, 1901 жылы қазіргі Глубокое,Катонқарағай, Алтай аудандары аумағында 6-7 балдық жер сілкінісі тіркелген.

1990 жылы 14 маусымда Зайсан жер сілкінісі болды. Магнитудасы – 7-8 балл.

2003 жылдың 27 қыркүйегінде Ресейдің Алтай өлкесіндегі Шүй өзенінің аңғарында орын алған 9-10 балдық жер сілкінісінің әсері Шығыс Қазақстанның солтүстік-шығыс аумағында 7 балдық күштілікпен сезілді. Алтай қаласында бес қабатты екі үй құлап, тұрғындар баспанасыз қалды. 316 миллион теңгенің материалдық шығыны келді.

2008 жылдың 30 қаңтарында түнгі сағат 2-де Қазақстан мен Ресей шекарасында 6 балдық жер сілкінісі орын алды. Ол Өскемен мен Семей қалаларында қатты сезілді.

Соңғы әжептәуір күшті жер сілкінісі 2017 жылдың 4 сәуірі күні Зайсан ауданында болды, магнитудасы – 5-6 балл, облыс орталығында 3-4 балл болып сезілген.

 Облыс жерінің 60 пайызы қауіпті аймақ саналады


 Шығыс Қазақстан еліміздің сейсмикалық белсенді аймағына жатады. Біздің аймақта сегіз тектоникалық белсенді жер жарығы орналасқан. Кешенді геологиялық-геофизикалық деректерге сәйкес, Нарым, Марқакөл, Сарымсақты, солтүстік Зайсан, оңтүстік Сауыр және Тарбағатай сынды бірнеше аумақта магнитудасы тоғыз балдық жер сілкінісі болуы әбден ықтимал.

Жалпы алғанда, облыстың 60 пайыз аумағы 6-9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақтарға жатады.

Алайда өңірде бар-жоғы екі сейсмостанция орналасқан – Семей және Зайсан қалаларында. Семей қаласындағы сейсмологиялық станция 1949 жылы құрылса, Зайсандағы станция 1990 жылғы жер сілкінісінен кейін ашылған. Жалпы, біздің өңірдегі мұндай станциялардың саны кем дегенде 10 болуы керек дейді мамандар.

Қалай десек те, зілзаланы дәлме-дәл болжауға бүгінгі ғылымның шамасы жетпейді. Жер ананың қай жерде, қай күні, қай сағатта сілкінетінін алдын ала анықтау әзірге мүмкін емес. Дей тұрғанмен, «сақтансаң – сақтаймын» деген аталы сөзді естен шығармаған абзал.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу