KZ
Өскемен
пасмурно жел 3 м/с, З
487.42 531.39 5.04

Жошы ұлысы – қазақ мемлекетінің түп-тамыры

22.08.2024, 16:11 1 743 Ержан Әбіш

 Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Шыңғысхан (Темужин) – әлемде теңдесі жоқ қолбасшы. Оның жаулап алған жері Корей түбегінен Украинаның Днепр өзеніне шейінгі, Қытайдың Вэйхэ дариясынан Иранның Дерьячейе-Немек көліне дейінгі зор аумақта көсіліп жатты. Кәріс тарихшысы Ким Жон Рэннің деректеріне қарағанда Александр Македонский (б.з.д. 356-323 жж.) 3 млн 480 мың шаршы шақырым жерді, Гитлер (1889-1945 жж.) 2 млн 190 мың шаршы шақырым, Наполеон (1769-1821 жж.) 1 млн 150 мың шаршы шақырым, ал Шыңғысхан 7 млн 700 мың  шаршы шақырым территорияны бағындырған. Сөйтіп, Шыңғысханның империясының аумағы Македонскийден екі есе, Гитлерден үш есе, Наполеоннан жеті есеге асып түседі. Осыншама аумаққа үстемдік ету Шыңғысханнан басқа ешбір қолбасшының қолынан келмеді деуімізге негіз бар. 

Шыңғысханның Жошы, Шағатай, Үгедей, Тулуй (Төле) есімді ұлдары болғандығы баршаға аян. Оларды замандастары Шыңғысханның төрт күлігі (сәйгүлік), яғни арғымақтары деп мәртебелеген. Тұңғыш баласы Жошы 1182 жылы (немесе 1184 жылы) туған. Моңғол тілінде «зочин» түрінде айтылатын сөз «мейман», «қонақ» түсінігін береді. «Моңғолдардың салтында, – деп жазады бұл жөнінде Әбілғазы (1603-1664), – Үйге бірінші келген қонақты өз тілдерінде «жошы» сөзімен атау дәстүрі болған. Осыған байланысты Темужиннің алғашқы ұлына Жошы аты берілген. Түпдеректер оны «қызу қанды, ер жүректі, аса батыл, күшті де жауынгер тұлға» деп сипаттайды.

Табиғатынан бойына дарыған өте өжет және өткір мінезінің арқасында ол Ұлы дала тарихында өшпес ізін қалдырды. Шыңғысхан мемлекетінің ұлғаюына қомақты үлесін қосты. Әкесінің қасында жүріп соғыстың айла-тәсілдерін меңгеріп алған Жошы 18 немесе 20 жасынан бастап қолбасшылық міндетті өз бетінше атқарады. Шыңғысхан 1207 жылы ұлына Сібірдегі «орман халықтарын» жаулап келуді сеніп тапсырады. Баласы ол жақтағы ойрат, бурят, барғы, ұрсұт, қапқанас, қаңқыс, туба, енисей қырғыздары, шібір, кестін, баят, тұқыс, төлес, тас секілді үлкенді-кішілі 14 тайпаны аз шығын шығарып бағыдырады да мол олжамен қайтып оралады. «Моңғолдың құпия шежіресінде» (1240 жыл) жазылғандай, Жошының бұл жеңісіне қатты риза болған Шыңғысхан оған былай дейді: «Ұлдарымның үлкені ­– сен алғаш рет шығып, жолың құтты болып, барған жеріңде адам мен ат шығындап қинамай, бақытты орман жұртын бағындырып келдің. Осы бұқараларды саған бердім». Әкесінің шешіміне орай Сібір жері Жошының еншісіне тиеді.

Оның қолбасшы ретіндегі табандылығы мен батырлығын айғақтайтын тағы бір оқиға. Әңгіменің алғысөзі мынадай. ХІ-ХІІ ғасырларда Моңғолияның солтүстік жағындағы Селенга өзенінің бойын, Байкал көлінің оңтүстік жерін меркіт тайпасы мекен еткен. Темужинмен болған шайқастарда жеңіліс тапқан олар 1208 жылы Ертістен өтіп, Тарбағатайдың қытайлар беткейіндегі Еміл, Кобук (Көбік) алқабына келіп қоныстанады. Меркіттердің көсемі Құду мен оның ұлдары Чилаун, Мажар және Мерген сол жерде жұртты қайтадан жинап, Темужинмен соғысуға дайындалып жатады. Мұны естіген Шыңғысхан 1215 жылы таңғұттарды (Қытайдың солтүстігі) талқандап келген соң дереу 20 мыңдық әскер жасақтайды, оған командир етіп Жошыны тағайындайды. Қосынға қажетті көп арбалар жасатып, жолында жатқан асулары қиын Алтай тауынан өту үшін олардың доңғалақтарын темір құрсаулармен бекітуді бұйырады. Жошы 1216 жылы Жем өзенінің маңында меркіттерді қырғынға ұшыратады. Тірі қалғандары Еміл өңірінен қыпшақтар даласына қарай қашады. Шыңғысхан оларды «құс болып аспанға ұшып кетсе де, суыр болып жерге кіріп кетсе де» іздеп тауып, түгелдей құрту туралы қатаң үкім шығарады. Моңғолдар бұйрыққа сәйкес қимылдап, шегінген жаудың соңына түседі де 1700-2000 шақырымдай жерге дейін қуалайды. Жаз айларының басында Ырғыз өзенінің басталар тұсында жатқан Құмақ және Жарлы өзендерінің (Ақтөбе облысына таяу жер) жазығында қуып жетіп, меркіттердің көзін жояды.

Осы кезде ешкім күтпеген тосын жағдай орын алады. Ол жылдары Қазақстанның оңтүстігі мен батысындағы қыпшақтар Хорезм мемлекетінің шаһы сұлтан Мұхаммедке (1220 жылы өледі) тәуелді еді. Олар Хорезмшаһқа бағынбай, қарсылық танытып жатқан болатын. Өзіне бағынышты халықтың наразылығын басу үшін Мұхаммед 60 мың қолмен Ырғыз өлкесіне келгенде моңғолдармен кездейсоқ ұшырасып қалады. Ары қарай оқиғаның қалай өрбігені 1250 жылы өлген араптың тарихшысы Ибн ан-Насавидің шығармасында егжей-тегжейлі баяндалған. Автордың өзі моңғолдар шапқышылығы кезінде Хорасанда тұрып, Хорезмшаһ Мұхаммедке қызмет еткен. Соған байланысты тірі куәгер өзінің «Сират ас-султан Джалал ад-Дин Манкубирти» («Сұлтан Джалал ад-Дин Манкубиртидің ғұмырбаяны») атты кітабында Мұхаммедтің өміріне арнайы қалам тартқан. Тірі куәгердің жазғандарын жиі-жиі тырнақшаға алып, сөзбе-сөз қайталай бермей, оқырмандарға оның мазмұнын өз сөзіммен жеткізуді жөн санап отырмын.

Ойламаған жерден сұлтанмен кездесіп қалған Жошы мәселені онымен бейбіт жол арқылы шешуге ұмтылады. Оған онымен соғысу жоспарында болмағанын, әкесінің тапсырмасын орындап, меркіттерді жеңгенін, енді еліне қайтатынын айтады. Саны моңғолдардан үш есе басым әскеріне сенген және сол күшпен оларды оп-оңай талқандайтынына ешқандай күмән тудырмаған Хорезмшаһ Жошының ұсынысын қаперіне де ілмей, оны ұрысқа шақырып болмайды. Ақыр соңында ол сұлтанның табанды талабын қабылдайды.

Қарсыластар сапқа тұра салысымен шайқас басталып кетеді. Екі жақ түйіскен сәтте Жошының өзі жаудың сол қанатына шабуылдап, оны бөлшектеп тастайды, олар жан-жаққа бытырай қашады. Бақыт құсы Жошының қолына қонғандай болады. Алайда Мұхаммед әскерінің оң қанаты моңғолдардың сол қанатын тықсырып, оны қақ ортасынан екіге жарады. Міне, осы әрекет сұлтан қосынын быт-шыты шығуынан құтқарып қалады. Кімнің жеңгені, кімнің жеңілгені белгісіз, ит жығыс сипатындағы ұрыс күні бойы жүреді. Күн батып, қараңғы түседі. Тараптар шайқасты таңертең жалғастыруға келіседі. Саны көп дұшпанға шамасының жетпейтінін түсінген Жошы әскери қулық қолданады. Өзін ертеңге болатын соғысқа дайындалып жатқандай көрсету үшін сарбаздарына түннің бір уақытына дейін алау жақтыртады. Сол арада тас қараңғы түнді пайдаланып шегініп кетеді де, екі күндік жерді жүйрік аттарымен шапқылап өтеді. Таң атқанда алданып қалғанын түсінген Хорезмшаһ олардың артынан түседі, бірақ қуып жете алмайды. Мұндай ғажап та жойқын күштің иелері кімдер деген сұрақ сұлтанды қатты толғандырады. Расында да, алдымен меркіттермен шайқасқан, іле-шала күші басым Мұхаммед әскерімен өмір үшін емес, өлім үшін қырқысқан, содан кейін дем алмастан бір түннің ішінде екі тәулік жерден өтіп кеткен жауынгерлерді бойына сарқылмайтын жігер мен қуатты сіңірген деуден басқа амалың қалмайды.

Сарбаздарының рухын көтерген және олардың ғаламат іс-қимылдарының ұйтқысына айналған бет қаратпайтын қайтпас-қайсар Жошының өзі болғандығы сөзсіз. Қалай десек те, моңғолдардың нағыз батырлар екеніне көзі әбден жеткен Хорезмшаһтың жүрегіне қорқыныш сезімі ұялайды.

Осы жайында Ибн ан-Насави мынадай деректі келтіреді. Хорезмшаһтың қабылдауында болғандар Жошымен болған шайқасты оның есіне салғанда сұлтан сол сұрапыл соғысты былайшы еске алады: «Қырғын кескілесте азап шексе де ерлігі мен төзімділігі жағынан және шабу мен түйреу бойынша ережеге сай соққы беруде сондай тәжірибесі мол ержүректерді көрген емеспін». Сарай ғалымы моңғолдардың ұрыс әдістерін жетік меңгергендерін Мұхаммедтің мойындап отырған осы сөздерін өз құлағымен естіген.

Дарынды Жошының дербес қолбастаушы болғаны Шыңғысханның Қазақстанға жасаған шапқыншылығы жылдары да байқалады. 1219 жылдың қыркүйек айында ол 150 мыңға тарта әскерімен Отырардың түбіне келеді. Қаланы қоршауға Шағатай мен Үгедей сынды ұлдарын қалдырады, үлкен баласы Жошыны Сырдарияның төменгі ағысындағы, үшінші топты осы өзеннің жоғары жағындағы елдімекендерді бағындыруға жөнелтеді, ал Шыңғысханның өзі негізгі күшпен Бұхараға бет түзейді.

Жошы құрамында 40 мың жауынгері бар жасағын бастап Сырдың бойымен батыс бағытқа аттанады, мақсаты – өзеннің Арал теңізіне дейінгі ағысында тұрған Сығанақ, Аснас, Женд, Үзгенд, Баршынкент, Янгикент (Жаңақала) тәрізді көне шаһарларды бағындыру еді. Бірінші болып соққыға қыпшақтардың мемлекеттік бірлестігінің орталығы саналған Сығанақ ұшырайды. Жошы қаланы артық шығын шығармай, қиындықсыз алу үшін әуелі елшілерін жібереді. Олар тұрғындарға соғыссыз берілсе тірі қалдыратындарын айтады. Алайда қыпшақтар жасаған ұсынысқа көнбей, елшілерді қырып салады. Бұған қатты ашуланған моңғолдар қамалды жеті күн мен түн қоршауға алып, тұпнұсқаларда жазылғандай, «жауға деген мейірімділік пен аяушылықтың есігін жабады». Бекіністің қалың қабырғаларын қирату үшін және кісілерін отқа орау үшін катапультамен, яғни тас пен мұнайды лақтыратын құралдармен атқылайды. Ақыр соңында қаланы алады, тұрғындары түгелдей жан тапсырады. 

Тағдырдың осындай тәлкегіне Аснас қаласы да душар болады. Көрсеткен табанды қарсыласуына қарамастан, күші тең емес күресте шаһар құлайды, оның көптеген тұрғындары көз жұмады. Ендігі кезек Женд қаласына жетеді. Моңғолдар оны алып, барлық тұрғындарды қамалдың ішінен сыртқа шығарып, қырады. Ең соңында Сырдарияның Аралға құятын сағасына таяу жердегі Янгикент бекінісін жаулайды.

Бұл оқиғалар 1219 жылдың соңғы ширегі мен 1220 жылдың наурыз айы аралығындағы уақытта орын алады. Жошы қираудан аман қалған қалаларды басқаруға өз адамдарын тағайындайды, ал өзі бүкіл 1220 жыл бойы Арал өңірінде, нақтылап айтсақ, Женд қамалында тұрақтап қалады.

1221 жылы Жошы тарих сахнасынан қайтадан көрінеді. Осы жылдың басында Хорезм мемлекетінің солтүстігіндегі, Әмудария өзенінің тұсындағы астанасы Үргеніш қаласын ағайынды Жошы, Шағатай, Үгедей үшеуі 50 мың әскерімен қоршайды. Шайқастың ары қарай қалай өрбігеніне кейінірек тоқталамын. Әзірше айтарым, сол жылы Жошы толып жатқан сарбаздарымен Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы Қазақстан даласына жорыққа аттанады да қыпшақтардың қарсылығына тап болады. Қантөгіс ұрыстарда моңғолдар қыпшақтардың тамтығын қалдырмайды.

Сонымен, осы жерге дейін баяндалғандарды жинақтап, бір түйінге келер болсақ, Жошының Дешті-Қыпшаққа қайта-қайта салған ойран соғыстары оның болашақтағы ұлысының сұлбасын, контурын айқындайды. Шынында да Шыңғысхан 1224 жылы көзі тірісінде қазақтың Ұлы даласын жастары үлкен үш ұлына бөліп бергенде Жошының үлесіне өзгелерден артығырақ жер тиеді. Дәлірек нақтыласақ, Жошының ұлысы Ертістен бастап Орал тауларының аралығын, Жетісудағы Балқаш көлінің солтүстік жағын, Орталық және Батыс Қазақстанды, төменгі Еділді қамтиды. Шағатайдың ұлысына Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, яғни Жетісудың көп бөлігі кіреді, ал Үгедейдің ұлысына Жетісудың солтүстік-шығыс аймағы, Жоғарғы Ертістің аумағы қарайды. Ұлыс (улс) – моңғолдың сөзі, «мемлекет», «ел» дегенді білдіреді.

Жошы ұлысының орталығы қай жерде болған? Бұл сұраққа зерттеушілер тарапынан бірыңғай жауап жоқ. Парсы ғалымы Рашид ад-Диннің (1247-1318) болжамынша Ертісте, басқалары – Жетісуда, Алакөл маңында, үшіншілері (Әлкей Марғұлан) – Ұлытаудың жанындағы Қаракеңгір өзеніндегі Орда-Базарда орналасқан дейді. Мен соңғы пікірді қолдаймын. Ойымды мынадай фактілермен дәлелдейін. 1538 жылы туған өзбектердің ханы Абдаллах қазақтармен соғысу үшін Ұлытауға келеді. Оның қасында Хафиз Тыныш есімді оқымысты еріп жүреді. Ғалымның хабарлауынша, осы ауданда «Жошы хан мен оның даңқты ұлдарының астанасы болған». «Оның ұлдары» дегенде Хафиз Тыныш Жошының баласы Батуды меңзеп отыр. Сондай-ақ Жошы мазарының Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта, Қаракеңгірдің сол жағалауында, демек Орда-Базармен көршілес тұруы кездейсоқ құбылысқа жатпайды. Тағы қосарым, Ұлытау кең жазира Сарыарқаның сайын даласының кіндігі іспеттес және оның табиғаты өте көркем. Бұл пікірімді Хафиз Тыныштың сипаттамасы растайды. «Ұлытаудың етегінде, – деп жазады ол, – кең алқап жайылып жатыр, алапты жандандыратын қайнар бұлақтар, есепсіз көп өзендер, сан жетпейтін ағаштар және барлық жерде көгалды жерлер, тамаша ұжмақ бақтарды еске салатын ерекше сүйкімді жайылымдар, сансыз жапырақтар сияқты әртүрлі шешек атқан гүлдер мол».

Автор ойын жалғастырып: «Жұмақ тәрізді бұл жердің таңғы самалы жұмақтың желіне ұқсайды, ал мөлдір таза суы жанды судың қайнар бұлағын еске түсіреді» дейді. Таудың басында тұрып, жан-жағын тамашалай қараған Абдаллах хан мен Хафиз Тыныштың қандай сезімде болғаны түсінікті.

Айтпақшы, Дешті-Қыпшақтың жер жаннаты екенін Жошы ханның өзі де мойындаған. 1260 жылдан кейін қайтыс болған парсының Жүзжани есімді ғалымының мәлімдеуіне қарағанда «Жошы қыпшақтардың жері мен суын, ауасын көрген кезде дүниеде бұдан артық жердің, бұдан артық саф ауаның, мөлдір судың болуы мүмкін емес екенін ұғып, қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша өзі осында қалып, бұл елді бүліншіліктен азат етуге бел байлаған».

Сөйтіп, жоғарыда келтірілген деректердің бәрі нақ Орда-Базар Жошы ұлысының орталығына айналғанын айғақтайды.

Шыңғысханның барлық басқыншылық әскери жорықтарына белсене қатысқан Жошының қарапайым командир емес, моңғолдардың айрықша дарынды, аса ірі қолбасшысы болғаны, оның ұлысының астанасы Орда-Базар екені анық.

 Жошының өлімі – жұмбақ

 Ресми құжаттар бойынша, Шыңғысханның жүрегі соғуын 1227 жылдың тамыз айында тоқтатса, Жошы әкесінен алты ай бұрын, сол жылдың ақпан айында қайтыс болады. Қызығы сонда, Жошының өлімі әлі күнге дейін жұмбақ күйінен арылған жоқ.

Пайымдар неше түрлі. Солардың бірі – халық арасына кең таралып кеткен «Ақсақ құлан» аңызы. Оның қысқаша мазмұны мынаған келіп саяды. Жошы құлан аулауға шыққанда олардың аяғынан жараланған бастаушысы оны аттан құлатып, аяғымен таптап, тісімен шайнап өлтіріпті. Бұл қаралы оқиғаны әкесіне хабарлауға ешкімнің дәті бармайды. Өйткені қайғылы жағдай болар алдында Шыңғысхан: «Кімде-кім ұлымның қазасын маған жеткізсе, оның аузына қорғасынды балқытып құямын» деген қорқынышты үкімін жариялап қойған еді. Алайда ел ішінен табылған ұлы жыршы тәуекелге барады. Кейбір зерттеушілер бұл ержүректіні найманның Кетбұқа есімді домбырашысы деп айтады. Ұлы жыршы домбырасымен Шыңғысханның алдына келіп, «Ақсақ құлан» күйін тартады. Күй аяқталған соң екеуінің арасында сұрақ-жауап түріндегі төмендегідей диалог орын алады.

Ұлы жыршы:

Теңіз бастан бұлғанды,

Кім тұндырар, а Ханым?

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, а Ханым?

Шыңғысхан:

Теңіз бастан бұлғанса,

Тұндырар ұлым, Жошы-дүр.

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!

Осы жерде ұлы жыршының көзінен сорғалап жас ағады. Мұны байқаған Шыңғысхан былай дейді:

Көзің жасың жүгіртер,

Көңілің тұлды болғай ма?

Жырың көңіл өкіртер,

Жошы өлді болғай ма?

Жыршы:

Сөйлемеске еркім жоқ,

Сен сөйледің, уа Ханым!

Өз жарлығың – өзіңе жауап,

Дәл ойладың, уа, Ханым!

Шыңғысхан:

Құлын алған құландай,

Құлынымнан айырылдым!

Айырылысқан аққудай

Ер ұлымнан айырылдым.

«Өлді» туралы сөз өз аузынан шығып кеткен соң Шыңғысхан қорғасынды домбыраның үндігіне құюды бұйырады.

Осы тұста тақырыптың ең күрделі мәселесіне жеттік. Жошыны құланның айғыры өлтірді ме? Әлде басқа жайттарға байланысты болды ма? Қойылған заңды сұрақтарға жауапты археолог-ғалым, академик Әлкей Марғұланнның зерттеу жұмыстары бере алады. Ол 1946 жылы Жошының мазарына қазба жұмысын жүргізген болатын. Қазу кезінде моладан екі қабір табылады. Бірінші қабір ішінен тақтай табытқа жерленген адамның сүйегі шықты. Мүрденің оң қолы жоқ екені анықталды. Оның үстіне қабір ішінен салтанатты киім жұрнақтары, қызыл сафиян етіктің қалдықтары, жібек көйлектің шіріп жатқан сілемдері, аң сүйектері мен түйенің бас сүйегі, темір қарудың сынықтары табылды. Екінші қабір Жошының үлкен бәйбішесі (керей Тоғұрыл ханның інісінің қызы) Бектумыштікі болуға тиіс. Қабір астына төселген қалың кірпіштерде арап әрпімен «ықпал» деген сөз бірнеше қайтара жазылған.

 

Зираттың ішіндегі «ықпал» сөзі қандай мағынада бедерленгені маған түсініксіз, бәлкім оның құпиясын болашақ зерттеушілер ашатын шығар. Бір анығы: мүрдеде оң қолдың болмауы және сынған қарудың табылуы. Жошының қазасына ақсақ құлан «кінәлі» деу шындықпен жанаспайды. Хандар аңға жаңғыз шықпайды, олардың қасында нөкерлері мен оққағарлары одан екі елі қалмай, қорғап жүреді. Жошыны ақсақ құлан тепкілеп жатқанда олар қайда қарап тұрған? Өтірігі басым аныз-әңгімеге сенбей, мәселені басқа қырынан қарастырайық.

Зерттеушілердің бір тобы Жошының ажалына әкесі Шыңғысханды айыптайды. Мен осы пайымды қолдаушылар жағындамын. Әке мен бала арасында кикілжің қатынас орнауының бірнеше себептері бар.

Біріншіден, Темужин сүйегі қоңырат Бөртеге үйленген кезде үш жүз меркіт оның ауылын шабады. Шыңғысхан келіншегін тастай қашып, Бурхан-Халдун тауына барып тығылады. Жаулар ауылда қалған оның қалыңдығын алып кетіп, меркіттің Шілігір деген балуанына қосады. Темучин кейінірек Бөртені құтқарып әкелгенде Жошы іште келеді. Бұндай жәйтке жол жіберіп алған Темужин өзін кінәлі санап, тұңғышын жылы қабылдайды. Десек те оның жүрегінің түбінде бәрібір салқындық қалады. Жошының шығу тегі оның үш баласының, әсіресе өзінен кейінгі інісі Шағатайдың оған деген өшпенділігін оятады. «Моңғолдың құпия шежіресінде» баяндалғандай, Шағатай ақылды және қабілетті, бірақ мінезі қатал да тұйық болған. Ешқашан ешкімге күлімсірей қарамаған, бағыныштыларында тек қорқыныш сезімін тудырған. Шағатайдың аты затына сай қойылған. Моңғолша чадалтай – күшті, мықты, қайратты. Оның осындай мінезі іс жүзінде көрініс береді. 1219 жылы Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияға жорық жасар алдында балаларын кеңеске шақырады. Онда өзінің орнына мұрагерлікке кім лайықты деген сұрақ талқыланады. Таңдау Жошы мен Шағатайға түседі. Жошының кандидатурасына келіспегене Шағатай: «Меркіттің тұтқынында болған бұл мұрагерге біз қалай бағынамыз?!» дейді. Мінездері шадыр ағайынды екеуі төбелесіп қалады.

Енді бір мысал. Жоғарыда уәде еткенімдей, Хорезм мемлекетінің астанасы Үргенішке қайтып оралайық. 1221 жылы Жошы, Шағатай, Үгедей үшеуі қаланың түбіне келгенде бекіністі алуға Жошы басшылық етеді. Моңғолдардың жеңісті жорықтары күтпеген жерден Үргенішке маңдай тіреп, кідіреді. Соғыс төрт-бес айға (7 ай деп те айтылады) созылып, мыңдаған сарбазын жоғалтады. Олай болу себебі Жошы мен Шағатай бірінің айтқанына бірі көнбей, уақыттың көбін керілдескен ұрсыспен өткізеді. Шыңғысхан Жошыны әскер басшылығынан шеттетіп, тізгінді Үгедейге бергенде, ол Үргенішті жеті-ақ күнде алады. Шыңғысханның көзі Жошының інілерімен ешқашан ынтымаққа бармайтынына, ұрпақтарының бірлігін қамтамасыз етпейтініне біржолата жетеді. Өзінің тағына мұрагер болуға Үгедейді таңдайды. Бұл есім «үг» және «эдэй» секілді екі сөзден құралған. Моңғол тіліндегі мағыналары: «үг» – түбі, негізі, «эдэй» – әдепті, сыпайы. Демек, «негізі маңғаз адам» дегенді білдіреді, немесе империяны басқаруға лайықты тұлға.   

Екіншіден, Шыңғысхан мен Жошының арасындағы жақын қатынас уақыт өткен сайын алшақтай түседі. Жүзжанидің жазуынша, «Жошының миына өзінің әкесіне қарсы көтерілу деген ой кіре бастайды. Ол өзінің пікірлес адамдарына: «Шыңғысхан сірә есінен алжасқан, өйткені осыншама халықты құртып, осыншама патшалықты қиратып жатыр. Маған аңға шыққан кезде әкемді жансыздандырып, сұлтан Мұхаммедпен жақындасып, Хорезм мемлекетін гүлденіп тұрған жағдайына жеткізіп, мұсылмандарға көмек көрсету мақсатқа әбден сәйкес сияқты» дейді. Жошының ниеті мен опасыздық жоспарын сезіп қойған Шағатай дереу Шыңғысханға жеткізеді. Әкесі ести салысымен өзінің сенімді адамдарын оны у беріп өлтіруге жөнелтеді». 

Мазмұндалған мәтіннің сарапынан ұлының алған бетінен қайтпайтынын жақсы білетін әкесі Жошының қаһарынан сескенгені аңғарылады. Алайда, Жүзжанидің Шыңғысхан баласын у беріп өлтіртті деген сөзімен келісу қиын, егер Жошының зиратында оның бір қолының жол болғанын ескерсек. Жүзжанидің өзге сөздерінің жаны бар. ІV Инокентидің тапсырмасымен италиялық миссионер Плано Карпини 1245-1247 жылдары Моңғол империясының астанасы Қарақорымға барып қайтады. Жолшыбай Қазақстанның территориясымен жүреді. Моңғолдардың қыпшақтар мен қаңлылардың даласын қырып-жойып өткенін елшінің өз аузынан естиік. «Біз, – дейді ол, – бұл жерде сан жетпейтін жойылған қалаларды, бұзылған қамалдар мен көптеген ойрандалған елдімекендердің үстінен шықтық және сансыз көп өлген адамдардың сүйектері мен бастарының тезек сияқты жерде шашырап жатқанын таптық». Әрине, Дешті-Қыпшақ елін мұндай халге душар етуге Жошының да қосқан үлесі аз емес. Десек те, оның әкесінің бұйрығынан аса алмағандығын, Шыңғысханды «есінен алжасқан» деп, оның өте қатігездік қылықтарын өткір сынға алу арқылы жіберген өзінің қателігін кеш те болса мойындауы оны «ақтауға» немесе «кешіруге» тұрарлықтай. Өзі де сол мейірімсіз аласапыран ғасырдың құрбаны болды ғой. 

Үшіншіден, Жошы жоғарыда мұсылман халықтарына болысып, Хорезм мемлекетін қайтадан гүлдендіргісі келетінін бекерден-бекер айтқан жоқ. Расында да, оның ұсынған саясаты Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы және Орта Азиядағы әдемі қалаларды, бау-бақшаларды, дамыған жер шаруашылығын, жерді суару жүйелерін сақтап қалу еді. Соған байланысты ол өзінің туыстарына моңғолдардың көшпелі өмірімен салыстырғанда жергілікті отырықшы тұрғындардың мәдениеті мен тұрмыс-салты әлдеқайда жоғары екендігін ескеріп, олардың тыныс-тіршілігін моңғолдардың да үйренуі қажеттігін ұсынады. Жошының прогрессивті идеясын ағайындары қаперіне де ілмейді. Әкесі Шыңғысханның, інілері Шағатай, Үгедей, Төленің жоспары қала тұрғындарына, жермен шұғылданушыларға мал бақтыртып, көшпелі өмірге тарту болатын. Бұндай саясат өз нәтижесін береді. Жетісуда, айталық Шыңғысхан шапқыншылығы қарсаңында 70 шақты қала болса, моңғолдар дәуірінде олардың саны күрт азаяды. «Қорытындысында, – деп жазылған көптомдық Қазақстан тарихында, – ХІV ғасырдың ортасына таман Жетісу өзінің көне қалалық және отырықшы – жер шаруашылық мәдениетімен қоса көшпелілер өлкесіне айналды». Ал Жошының мақсаты осындай күйге түсірмеу еді.

Төртіншіден, Жошы кейде мінез көрсетіп әкесінің тапсырмаларын елемей қоюды шығарады. Бұл жайында Рашид ад-Дин: «Жошы Шыңғысханның оған әскермен аттанып, барлық солтүстік облыстарды, атап айтқанда Башқұрт, Русь, Шеркеш, Дербенд, Хазар елдерін жаулап, оларды өз иелігіне қосып алу туралы шыққан бұрынғы жарлығын орындаудан жалтарды» деп оны айыптайды. Баланың бұйрықты орындамауы әкесінің ашуын, намысын тудырғаны айтпаса да түсінікті.

Бесіншіден, Жошы Дешті-Қыпшақты (өз ұлысын) империя орталығынан тәуелсіз мемлекет ретінде құруды көздейді. Бұл әке мен баланың арасындағы қақтығыста ең негізгі рөл ойнайды. Түпкі мақсатына жету үшін Жошы тіпті Хорезмшаһ Мұхаммедпен одақтасып, екеуі Шыңғысханға қарсы бірлесе қимылдауға дейін баруды жоспарлаған тәрізді.

Баяндалған себептердің бәрін бір тәртіпке келтірсек, Шыңғысхан мен Жошының бір-бірімен осғысуы – болмай қоймайтын құбылыс. Рашид ад-Диннің деректеріне табан тірейік: «Шыңғысхан: «әскер Жошы жаққа жорыққа шықсын, бәрінің алдында Шағатай мен Үгедей аттансын» деп бұйырды, ал өзі олардың ізін суытпастан соңдарынан жорыққа шығуға жиылатын болды. Бірақ кенеттен Жошының өлімі туралы хабар жетті». Міне, осы арада тақырыптың шарықтау шегі басталады.

Табиғатының жаратылысы солай, Ұлытау – сан алуан аңдардың мекені. Ол жер – жабайы хайуандардың жайбарақат жайылатын орны, тиісінше аңшылық құруға өте қолайлы. Сөзіміз жалған болмас үшін Хафиз Тынышты тыңдайық. «1582 жылы сәуірде Ұлытауға келген Абдаллах хан аңға шықты. Бұл далада өлтірілген жабайы аң соншалық, тамақтың тапшылығына қарамастан мұсылман әскері тек семіздерін ғана іріктеп алды, арықтарын тастады. Әр түрлі қарақұйрықтардың арасынан жауынгерлер бойы дала сиырынан (буйвол) биік қарақұйрықтарды ұшыратты. Дешті-Қыпшақтың жергілікті тұрғындары оларды бұлан деп атайды. Жеңімпаз әскер жабайы аңдардың етін жеп, рахатқа бөленді».

Абдаллах хан сияқты Ұлытауда Жошы да жиі аңға шығып тұрған. Айырмашылығы, алғашқысы қарақұйрық пен бұланды ұстаса, соңғысы құландарды аулаған. Құлан – жабайы жылқы, биіктігі 130-150 см, тірідей салмағы – 180-200 кг. Бертінгі ғасырларда елімізде құрып кетсе де, ертеде бұл хайуандар шөбі шүйгін Сарыарқада қаптаған құмырсқадай үйір-үйірімен жортып жүрген. Жазбаша құжаттарда Жошының осы айуандарды аулағандығы жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, «1223 жылы көктемде Шыңғыс пен Жошы соңғы рет кездеседі. Жошы әкесіне сыйлыққа көптеген өлтірілген құландар мен 20 мың жылқыны айдап әкеледі». 

Жошының ажалы құланнан болды ма? Қойылған сұраққа «Ақсақ құлан» күйін арнайы зерттеген академик ағамыз Сейіт Қасқабасовтың орысша берген жауабына жүгіне кетейік. «По всей вероятности, Джучи умер не от болезни и не во время охоты – он умер от рук предателей. Но это осталось в тайне, а народу была сообщена надуманная, так сказать официальная, версия о гибели Джучи во врмея охоты на куланов». Мен фольклортанушы-ғалымның жазғандарымен, әрине, келісемін. Дей тұрғанмен, өзімнің болжамымды да оқырман қауымының талқысына салайын.

Жүзжанидің әлгіндегі жазбаларының ішінде Жошының: «Аңға шыққан кезде әкемді өлтіремін» деген сөзі ойымды мазалайды. Жайшылықта хандарға қиянат жасау өте қиын. Оларға зиян келтірудің ең оңтайлы сәттерінің бірі – хандардың аңшылықта жүрген кезі. Алайда Жошының аңдаусызда айтқан сөзі бумеранг секілді айналып келіп, өзінің түбіне жеткен. Менің пайымымша, ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген Жүзжани ақиқатты білген. Бірақ моңғолдардың қылышынан қан тамып тұрған дәуірде Шыңғысханды жамандау мүмкін емес еді. Мұны жақсы түсінген парсы тарихшысы шындықты түгел ашып айтпай, бүркемелеген түрде болса да жеткізіп тұрғандай сезіледі. Жүзжанидің сөйлемінтеріс оқысақ: Шыңғысхан ұлын аңға шыққанда өлтіртті.

Бұл тарихи жағдай менің көзіме былайша елестейді. Жошы құлан аулап жүргенде Шыңғысханның жіберген кісілері оған жан-жақтан жабылады. Ол қаруы сынғанша қарсылық танытып шайқасады, оң қолы қылышпен шабылған соң қаза табады.

Жошының өмірі қалай аяқталса да, оның балаларының Қазақстан тарихына қосқан үлесі айрықша. ХVІ ғасырдың ортасы – ХVІІ ғасырдың басында ғұмыр кешкен Қадырғали Жалайырдың есебінше, Жошы әйелдері мен көңілдестерінен 40-қа жуық ұл сүйіпті. Олардың ішінде даңқы шыққан 14 баланың есімі тарихта хатталып қалған. Ең атақты деген бесеуін бөліп, жастары бойынша ретімен қойсақ – Орда-Ежен, Бату, Берке, Шайбан, Тоқа-Темір.

Осылардың әрқайсының сіңірген еңбектері ерекше. Орда-Ежен Ақ Орданың негізін қалады, Бату мен Берке Алтын Орданың іргетасын салып, дамытты. Шайбан Көк Орданы, оның немересі Әбілхайыр Көшпенді өзбек мемлекетін құрды. Ал Тоқа-Темірдің ұрпақтары – Жәнібек пен Керей Қазақ хандығының туын көтерді.

Ұлы даламызда болған осы Ордалардың әрқайсысы қазақ халқының, қазақ мемлекеттілігінің пайда болуына себепші болды. Демек, осындай маңызы аса зор тарихи нәтиженің түп-тамырында Жошының және оның ұлысының жатқанын ұмытпауымыз керек.

  Маратбек Ақанов,

тарих ғылымының кандидаты

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив