Мас күйінде мотоцикл тізгіндеген тұрғын ұсталды - Шемонаиха
Шемонаихада жүргізуші құқығынан айырылса да мас күйінде мотоцикл тізгіндеген тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Маусым айының соңында Шемонаиха ауданының полиция қызметкерлері 37 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы мотоциклді тоқтатқан.
Тоқтатқан уақытта жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққан. Артынша тексеру барысында, ол автокөлік құралын орта дәрежедегі мас күйде жүргізгенін, сонымен қатар 2020 жылдың қараша айында 2027 жылға дейін 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
Ер адам бірден уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, осы баптың санкциясымен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.