Карантин: ШҚО драма театрының шымылдығы қашан ашылады?
Облыстың драма театры карантинге байланысты ұзақ уақыт үзілістен кейін көрерменмен қайта қауышады. Қазан айының басында алғашқы қойылым қойылады.
Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тоғызыншы қазан күні Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесінің желісі бойынша жазылған «Қанды азу» поэтикалық трагедиясы ұсынылады.
– Қойылымның режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Бұл қойылым Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған фестивальдің жүлдегері. Ал басты рольді сомдаған Елдос Мәсәлім «Екінші пландағы ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленген, – дейді баспасөз хатшысы.
Бір айта кетерлігі, көрермен санитария талабын қатаң сақтап, міндетті түрде медицина маскасын тағуға тиіс. Залға 50 көрермен ғана кіре алады және олар шахмат тақтасы тәрізді аралық сақтап жайғастырылады.