KZ
Өскемен
-15°
пасмурно жел 1,1 м/с, В
498.51 522.84 4.81

Әуезов театры Семейге келді

1.06.2022, 14:58 338

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры  заңғар жазушының 125 жылдығына орай, Семейге гастрольдік сапармен келді. Алдымен өнер майталмандары жергілікті баспасөз өкілдерімен кездесті.

Кездесуге М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, театрдың актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова және семейлік жұртшылыққа ұсынылған  “Абайдың жұмбағы” спектаклін сахналаған театрдың жас режиссері Әридаш Оспанбаева қатысты. «Биылғы жыл жақсы жаңалықтарға толы болып отыр. Оның бірі Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы болса, екіншісі қасиетті мекен Семейдің Абай облысының орталығы болады деген шешімнің қабылдануы. Осыған орай, театрымыз Семейге арнайы келіп, көрермендерін үш күн бойы үздік қойылымдарымен қуантпақ. Соның бірі – театр режиссері Аридаш Оспанбаева қойған “Абайдың жұмбағы” спектаклі. Ұлы ақынның хакімдік деңгейге жетуінің жұмбағы неде? Бұл күрделі сауалдарға Абайдың өз шығармашылығына және М.Әуезовтің атақты “Абай жолы” эпопеясының оқиғаларына сүйене отырып, өз тарапынан жауап іздейтін қойылым көрерменін де осы бір күрделі сауал төңірегінде ой серіктестікке шақырады. Одан бөлек, жазушы  Медеу Сәрсекенің  «Тендерге түскен келіншек» драмасы, ақын, драматург Исрайл Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі қойылады»,  –  деді театр директоры, Еркін Жуасбек.

Сонымен қатар көрермендерге спектакльдермен қатар, театр фойесінде ұлттық театрдың мұражай қорынан «Мұхтар Әуезов және ұлттық театр» атты көрме ұйымдастырылды.  Көрмеге мұражай қорынан 100-жуық жәдігер қойылған. Ең құндысы – Мұхтар Әуезовтің театр әртістерімен түскен суреттері, Абай спектаклін талқылау барысында Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышпаевтармен бірге тұрған  бейнелері.  Сонымен қатар Әшірәлі Кенжеев пен Әнуар Молдабековтің майлы бояумен салынған портреттерін де, КСРО Халық әртісі Фарида Шәріпованың киген сахналық киімдерін де көре алды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс та көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, Семей халқына ақ тілегін білдірді. «Біз осы Семейге өзіміз Мұхтар Әуезов атындағы театр болғаннан кейін, Мұхтар Омарханұлының 125 жылдығына орай, үш спектакльмен гастрольдік сапармен келдік. Талғампаз Семей жұртшылығы ерекше қабылдады. Залда ине шаншар орын болмағаны сөзімнің дәлелі.  Ерекше ыстық алғысымды білдіремін», –  деді Бекжан Тұрыс.

Театр шымылдығы «Абайдың жұмбағы» спектаклімен ашылды. Айта кетейік, «Абайдың жұмбағы” спектаклінің авторы әрі Абай рөлін сомдаушы – театрдың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов. Тапанымал актер  көрермендерді баурап алып, қойылым аяқталған соң ыстық ықыласын білдірді.  Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев жылы лебізін білдіріп, хакімнің рөлін сомдаған Болат Әбділмановты Семей қаласына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен марапаттады. Театр басшылығы алдағы уақытта Абай облысына жаңа қойылымдармен келу жоспарларында бар екенін жеткізді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу