Абай тоғызқұмалақты жақсы ойнаған

Абайдың Жидебайдағы музей-үйіндегі құнды жәдігерлердің бірі – тоғызқұмалық. Ол ойын тақтасында Абайдың алақанының табы қалған. Байырғы бабалар оны «қойшының ойыны» деп атаған-ды. Ал қазіргі қазақтар үшін ұлттық ойын түріне жатады.
Абай Құнанбайұлы осы арифметикалық ойынды салынып ойнағаны туралы ақынның шәкірті Көкбай Жанатайұлы өз естелігінде жазады. «Осындай әдетпен қатар Абай қырдың тоғызқұмалақ, дойбы сияқты ойындарына көп уақыт беретін. Әсіресе көп салынып ойнайтыны тоғызқұмалақ болушы еді. Бұл ойындарға Тобықты ішіндегі ірі ойыншылардың ең, ілгергі қатардағы бірі болып саналады. Ойнай-ойнай келе бірден біреу озып, екшелеп келген соң, Тобықтыда 5-6-ақ үлкен ойыншы шықты. Солар: Керпебай, Құттықожа, Куаттың Құдайбердісі, Нақыштың Смағұлы дегендер еді, Абай осыларды кезек-кезек алғызып, кейде бәрін бір уақытта жиып көп күндер бас алмай ойнап жатады. Артынан ойын тарқап әлгі кісілер қайтатын болғанда дәулеті нашарларына соғымдық тай, тайынша, қой, киім сияқты нәрселер беріп қайырады», – депті «Абай туралы естелігінде».
Музейдегі көне тоғызқұмалақ көп ойынның куәгері болып, жеңіліс пен жеңістің дәмін талайға таттырғаны анық. Оны тақтаның ойылып кеткенінен байқауға болатындай.
Мұражайдағы мұралардың тарихы терең, мазмұны бай. 1883 жылы Абайдың орыс достары Н.Долгополов пен Н.Лобановский Семей қаласында алғаш «Өлкетану музейін» ұйымдастырады. Сол кезде ақын қазақ этнографиясын насихаттау мақсатында музейге 60-тан астам құнды дүниені сыйлапты. Алдағы уақытта да музейдегі жәдігерлер мен оларға қатысты қызықты оқиғаларды жазып отыратын боламыз.