KZ
Өскемен
-6°
небольшой снег жел 1 м/с, СШ
523.54 546.47 4.99

Тарбағатай ауданында болашақта жаңа кен орны ашылады

freepik.com

15.09.2024, 21:00 179 Назерке Каримова

Жаңадан ашылатын Қызылқайың кен орнында бүгінгі таңда барлау жұмыстары жүргізілуде.

Алдағы жылдары жобалау және құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі аудан әкімі Дархан Жөргекбаевтың ақпаратына сүйеніп.

Құрылыс жұмыстарына 3000 адам жұмысқа тартылады деген болжам бар, сонымен қатар нысан жобалық қуатына енген кезде тұрақты жұмыспен 1500 адам қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Алайда құрылыстың басталуына бірнеше мәселе кедергі жасап отыр.

- Бүгінгі күні кен орынын ашуға басты кедергілердің бірі - электр қуатының жетіспеуі. Сондықтан сырттан 50 мгватт электр қуатын әкелу жоспарлануда,- деді аудан әкімі.


Бүгінгі күні ауданда Бентонит кен орны жұмыс істеп тұр. Кен орнында қазіргі күні 70 адам еңбек етіп жатыр. Бентонит кен орындарының негізгі инвесторы былтыр ауысқан. Жаңа инвестормен бірлесіп нақты іс-шаралар жоспары дайындалуда. Жоспар бойынша кен орны ұлғайып, қосымша жұмыс орындары ашылуы тиіс.

Аудан мал және балық шаруашылығын негізгі кәсіп еткен өлке. Алайда Тарбағатай ауданы дотациялық, яғни меншікті кіріс көзі өзінің қажеттіліктеріне жетпейтін аудан болып табылады. Жоғарыда аталған жұмыстардың басым көпшілігі облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Ауданның әлеуеті дамуы үшін жергілікті түсімнің көлемі артуы қажет. Сондықтан Қызылқайың сияқты кәсіпорындардың ашылғаны өте маңызды. Ірі кәсіпорындардың ашылуы жаңа жұмыс орындарымен қатар, салық түсімдерінің артуына, ауданның экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

- Оған қоса аудан тұрғындарының негізгі табыс көзі болып отырған мал және балық шаруашылығын дамытуға жұмыс атқарудамыз. Бүгінгі таңда заманауи балық зауытын салу бойынша инвесторды анықтап, келіссөздер жүргізудеміз. Сонымен қатар, ауданда ет комбинатын салу бойынша техникалық экономикалық негіздемелерді жасап, инвесторларды іздестірудеміз, - деп атап өтті Дархан Жөргекбаев.


Алдағы уақытта Ресей-Қытай мультимодальді транзиттік дәліз іске қосылып, Қызылқайың кен орыны ашылса, Бентонит кен орны кеңейтілсе, балық және ет зауыттары салынса, аудан тұрғындарына да жаңа мүмкіндіктер пайда болып, мультипликативтік әсер беретіні сөзсіз.

Кәсіпорындардың қызметкерлерін азық-түлікпен, киім-кешекпен, тағы да басқа қажеттіліктермен қамтамасыз ету аудан тұрғындарының еншісінде болмақ. Бұл дегеніміз, ауданымыздың наубайханаларына, аспазшыларына, тігіншілеріне жаңа нарық ашылады деген сөз, - деді аудан әкімі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу