KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 1 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Семейдің «Алтайы» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады

22.09.2020, 10:55 246

Семейдің «Алтайы» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады. Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының екінші турында Шымкентте түркістандық «Мақтаарал» командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңген семейлік ұжым үш ұпайға қол жеткізіп, турнир кестесінің бесінші сатысына көтерілді.

Әзірге жерлестеріміз көш басындағы шымкенттік «Қыраннан» алты ұпайға қалып тұр. Осы ретте «Қыран» футболшылары чемпионат аясында үш кездесу өткізіп үлгергенін айту керек.

Келесі турда Сергей Тимофеевтің шәкірттері әзірге қоржынына ұпай салмаған Қызылорданың «Байқоңырымен» шеберлік байқасатын болады. Бұл матч 24 қыркүйек, бейсенбі күні ойналады деп жоспарлануда.

Ал Шымкент қаласындағы «Биік» спорт кешенінің стадионында өткен «Алтай» мен «Мақтаарал» арасындағы кездесудің тағдыры екінші таймның басында шешіліп қойды. Бір қызығы, осы жолғы матчта тек жартылай қорғаушылардың қанжығасы майланды. Ойындағы есепті матчтың 11-ші минутында Жандос Солтан ашса, 54-ші минутта Ислам Чесноков екінші гол авторы атанды.

Ал кездесудің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда семейлік команданың тағы бір жартылай қорғаушысы Бекжан Серғали «Мақтаарал» қақпасына үшінші гол соғып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп 3:0!

Еске салайық, еліміздің басым бөлігіндегі ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты әзірге жарыстың барлық ойыны республиканың оңтүстік өңірлерінде ойналуда. «Алтай» тұсаукесер матчын Шымкентте түркістандық «Арысқа» қарсы өткізіп, 0:2 есебімен жеңіліс тапқан болатын.

Жалпы, бірінші лига командалары арасындағы биылғы ел біріншілігіне 15 ұжым қатысуда. Олар екі конференцияға бөлініп, өзара мықтыны анықтамақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу