KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
471.83 505.66 5.4

«Алтайдың» ойыны ала-құла

24.09.2020, 10:20 229

Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының үшінші турында Шымкентте Қызылорданың «Байқоңырымен» шеберлік байқасқан «Алтай» қарсыласымен тең ойнап, бір-ақ ұпайды қанағат тұтты.

Алайда, Сергей Тимофеев шәкірттері осы бір ұпайдың өзіне әрең қол жеткізгенін айту керек. Бір өкініштісі, чемпионат аясындағы алғашқы ұпайына ие болған «Байқоңыр» біріншіліктің сөзсіз аутсайдері саналады, демек «Алтай» қоржынға үш ұпай салудың тамаша мүмкіндігінен айырылып қалды.

Естеріңізге салайық, бұған дейін екі ойын өткізген семейлік команда оның бірінде жеңіліс тапса, тағы бірінде жеңіске жеткен болатын. Дәлірек айтсақ, жерлестеріміз алдымен «Арысқа» 0:2 есебімен жол берсе, артынша тағы бір түркістандық ұжым «Мақтааралдан» айласын асырған-ды. Есеп 3:0.

Ал бұл жолғы матчта екі доп соғылды. Ойындағы есепті кездесудің 60-шы минутында қызылордалық команданың қорғаушысы Елжас Сарбай ашты. Бұдан кейін тайлы-тұяғымен шабуылға шыққан алтайлықтар ойынның соңғы минуттарында әупірімдеп жүріп есепті теңестірді. Нәтижелі соққының авторы қорғаушы Досжан Кенжеғұлов болды. Қорытынды есеп 1:1.

Осы ойыннан кейін қоржынында төрт ұпайы бар «Алтай» әзірге өз конференциясындағы жарыс кестесінің бесінші сатысында орналасуда.
Айта кетейік, бірінші лига командалары арасындағы биылғы ел біріншілігіне 15 ұжым қатысуда. Олар екі конференцияға бөлініп, өзара мықтыны анықтайтын болады.
Жалпы, еліміздің басым бөлігіндегі ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты әзірге жарыстың барлық ойыны республиканың оңтүстік өңірлерінде ойналуда.

Келесі кездесуін жерлестеріміз 27 қыркүйек, жексенбі күні Шымкент қаласындағы «Биік» спорт кешенінің стадионында жергілікті «Қыран» командасына қарсы өткізбек. Осы ретте шымкенттік ұжым бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының көшін бастап тұрғанын атап өткен абзал.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив