«Алтай» 12-ші жеңісіне жетті

«Алтай» шабысынан жаңылмай келе жатыр. Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының 15-ші турында қонақта түркістандық «Мақтаарал» командасымен шеберлік байқасқан семейлік ұжым қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктіріп, биылғы маусымдағы жеңістер санын 12-ге дейін жеткізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілішсі.
Атакент кентінің «Алпамыс батыр» стадионында өткен бұл матчтағы жалғыз доп екінші таймда соғылды. Кездесудің 55-ші минутында көзге түсіп, командасына жеңіс әперген «Алтайдың» тәжірибелі жартылай қорғаушысы Алексей Шакин болды.
Осы жеңісінің арқасында Сергей Тимофеев шәкірттері 38 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастауда. Қазір «Алтай» мен екінші орындағы ақтаулық «Каспий» арасын жеті ұпай бөліп тұр.
Бұл ретте семейлік команда келесі кездесуін дәл сол «Каспий» футболшыларымен өткізетінін айта кеткен орынды. Аталған ойын 10 тамыз, сенбі күні Семейдің «Спартак» стадионында ойналады.