Семейліктер Ертіс жағалауын тазалады
Дүниежүзілік тазалық күніне семейліктер де үн қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Экологиялық қозғалыс ұйымы Ертіс өзенінің жағалауын тазалау шарасын ұйымдастырды. Оған қала тұрғындары, волонтерлер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен табиғи ресурстар басқармасының өкілдері қатысты.
Мұндай акциялар ең біріншіден, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеу мәселесіне назар аударудан туындаған. Бір сағаттың ішінде өзен бойынан 100 қапқа жуық қоқыс жиналды.
- Мен күнде осы арадан жүремін. Елдің бәрі деп айтпаймын. Бірақ өздерімен бірге ала келген тамақ қалдықтары мен пластикалық ыдыстарды тастап кететіндерді жиі көремін. Тазалық әркімнің өзінен басталады. Қаланың, жалпы қоршаған ортаның тазалығы өз қолымызда. Өзім акцияға қатысуға арнайы келдім. Аз да болса өз үлесімді қосқым келді. Мен сияқты келіп жатқандарды көріп, қуанып тұрмын. Әр адам табиғатқа осылай жанашырлықпен қарауы тиіс деп ойлаймын. - дейді қала тұрғыны Айжан Рымбаева.