Өскеменде "Жасыл үй" кітапханасы ашылды
Жаңа кітапхана О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхананың жанынан ашылып отыр.
Елге танымал Носов, Шукшин кітапханалары іспетті, бұдан былай Өскемен қаласында да аты аңызға айналған шығысқазақстандық ғалым, ориентолог, биология ғылымдарының кандидаты, жазушы, Борис Щербаковтың да кітапхана базасында «Жасыл үйі» болады. Айта кету керек, бұл қала күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Өскемен және Вьетнам еліндегі Хошимин қаласының құрметті азаматы, ғалым, жазушы Борис Щербаков былтыр 80 жылдығын атап өткен болатын. «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қайта жаңартылған кітапханаға ғалымның 50 мың тиражбен таралған «Жасыл үй» шығармасының атауы беріліп отыр.
- Кітапханамызда балаларға, жасөспірімдер мен ересектерге арналған қорымыз бар. Кітап қорымыз 43 мың данадан асады. Студенттерге де цифрлық әдебиет қарастырылған. Ориентолог, биологиялық ғылымдар кандидаты Борис Щербаковтың 36 кітабы жинақталған. Енді оның еңбектеріне сүйене отырып, Шығыс Қазақстанның, Өскемен қаласының экобайлығын жастарға дәріптейтін боламыз, - дейді кітапхана директоры Сәуле Жүнісбекова.
Ғалыммен кездесіп, қайта жаңартылған кітапханананың жұмысымен танысып қайтқан қала әкімі Жақсылық Омар, кітапхана мамандарына Өскемен қаласының табиғаты туралы авторлық жобалар ұйымдастыру жағын қарастыруды тапсырды.