Тарбағатай ауданында аурухананың ғимараты көпқабатты тұрғын үйге айналады
Тарбағатай ауданындағы бұрынғы аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Басты мақсат - осыдан 9 жыл бұрын осы жерден баспана алған тұрғындардың жайлы орында өмір сүруіне жағдай жасау, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
2011 жылы аурухана ғимараты жөнделіп, тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға баспана ретінде берілген болатын. Бүгінде бұл ғимаратта 14 көпбалалы отбасы тұрады. Қазіргі таңда ғимарат күрделі жөндеуді талап етеді.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Тарбағатай ауданына жұмыс сапары барысында осы тұрғын үйдің иелерімен кездесті. Аймақ басшысы облыстық бюджет есебінен қаражат бөлініп, мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аула абаттандырылып, барлық коммуникациялық желілер жаңартылатынын атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарды Тарбағатай ауданының жаңа әкімі Асхат Смаилов бақылауда ұстайды.
Тұрғындар абаттандыру жұмыстарына бірге қолғабыс ететіндерін айтып, аймақ басшысына алғыстарын білдірді.
- «Көпбалалы отбасылар жеке қаражаттары есебінен мұндай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Сондықтан біз алдағы уақытта олардың тұрғын үйлері қайта қалпына келтірілетініне қуаныштымыз. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң осы аулада мереке ұйымдастырамыз», - деді Даниал Ахметов.