Карантин: 17 тамыздан бастап қай жерлер ашылады?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 17 тамыздан кейін карантин шаралары қалай жеңілдейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Індеттің таралу өсімі тоқтады және медицина мамандарының жүктемесі азайды. Осыны негізге ала отырып елімізде карантиндік шараларын біртіндеп жеңілдетуге шешім қабылданды. Сонымен, 2020 жылғы 17 тамызынан бастап барлық өңірде сауда ойын-сауық орталықтары, сауда желілері, жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтар, косметологиялық қызмет көрсететін кәсіпкерлік субьектілерінің қызметі жанданады», - деп атап өтеді ведомство Telegram парақшасында жарияланған ақпаратында.
Министрлік мәліметінше, сонымен қатар, бассейні жоқ фитнес орталықтар, бассейні жоқ моншалар мен сауналар, білім беру орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары, ашық ауадағы аттракциондар жұмысын бастайды. Ескеретін жайт, аталған субьектілер мейлінше жартылай қуаттылықпен жұмыс істегені дұрыс. Тұтынушыларды топтап қабылдауға болмайды.
Сонымен қатар, жұмыс берушілер үшін қызметкерлердің 80 пайыз қашықтан еңбек ету ережесін сақтауы ұсынылады.
«Жұмыс күндері карантиндік шаралар жеңілдегенмен, демалыс күндері карантин тәртібі қатаң сақталады. 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуы шектеледі. Қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтайды және демалыс күндері жұмысқа баруға тыйым салынады. Сенбі-жексенбіде тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмысына рұқсат етіледі»,- деп атап өтеді Денсаулық сақтау министрлігінен.
Еске салсақ, бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды.
Сонымен қатар, 17 тамыздан кейін қандай шектеулер сақталатындығы туралы айтылды. Және осы күннен бастап барлық өңірде шаштараз бен монша жұмысын бастайды.