Қазақстан Ресейден коронавирусқа қарсы вакцина сатып ала ма?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны сатып алу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Вакцина сатып алу жайында айтуға әлі ерте. Қазіргі сәтте біз вакцина сатып алу бойыша бірде-бір келісімшартқа қол қойған жоқпыз. Себебі препараттар клиникалық сынақтың үшінші фазасынан өтіп жатыр», - деді ресми өкіл.
Оның атап өтуінше, вакцинаны сатып алу үшін ол халықаралық сертифтикаттаудан өтуі тиіс.
«Сондықтан да бұл мәселеге қатысты ешқандай шешім жоқ», - деді Бағат Қожахметов.
Еске салсақ, бұған дейін Ресей коронавирусқа қарсы вакцинаны әлемде алғашқы болып тіркегені туралы хабарланған. Тамыз айының екінші жартысында Үкіметтік делегация ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау үшін Мәскеуге барады.