Үйленгеніне 3 жыл толмаған жас отбасылар үшін жаңа бағдарлама іске қосылды
Қазақстанда 1 шілдеден бастап жас отбасыларға арналған "Жас отбасы" жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.
Сұраныс өте жоғары болып, бір ай ішінде 1 500 депозит ашылды. Бұл туралы "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлады Рrimeminister.kz.
"Шаңырақ көтергеніне үш жыл толмаған жас отбасы депозит ашып, бірден тұрғын үй құнының 50%-ін төлей алады. Сондай жағдайда ипотека төмендетілген мөлшерлемемен ресімделеді. Бізде негізінен мөлшерлеме – 8,5%, ал жас отбасы үшін арнайы 6% етіп отырмыз", – деп атап өтті Ибрагимова.
Сонымен қатар жас отбасының жасын үш жылдан бес жылға дейін арттыру мәселесі қарастырылып жатыр.
"Қазір көптеген отбасы "неге үш жыл? 5 жыл да жас отбасы үшін ұзақ уақыт емес. Бізді де қолдаңыздар" деп жазып жатыр. Біз бұл ұсыныстарды қарастыратын боламыз", – деді Ибрагимова.
Айтуынша, ол үшін "Отбасы банкіне" трансформация жасау қажет.
Сонда ғана барлық отбасыға мамандығына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тең дәрежеде қол жеткізуге мүмкіндік береді деп түсіндірді ол.
"Отбасы банкінің" алдында табысы төмен әрбір отбасы төмен мөлшерлемемен ипотекаға үміткер болуы керек деген мақсат тұр.
"Жыл соңына дейін біз индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге үкіметтің қолдауымен заңнамалық бастамалардың үлкен топтамасын іске асырып, қоғамға түсіндіретін боламыз", – деп түсіндірді Ибрагимова.
Содан кейін ғана" Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" "Отбасы банк" деп аталатын болады.