KZ
Өскемен
-1°
туман Штиль
494.87 520.65 4.91

Атаулы әлеуметтік көмек – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі

5.06.2019, 15:43 425

 Кеше облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен көпбалалы отбасыларды қолдауға байланысты арнайы селекторлық кеңес өткен-ді. Жиын барысында ағымдағы жыл басынан бері маңызды бағыттар бойынша жасалған кешенді бағдарламалардың жүзеге асырылуы жайында есеп берілді. Соған орай, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіповамен сұхбаттасқан едік.

– Атаулы әлеуметтік көмек көрсету – облыстың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі басым бағыттың бірі. Биылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңаша тағайындалғаны белгілі. Атап айтсақ, кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызына дейін, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін (ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге) ұлғайтылды, 18 жасқа дейінгі әр балаға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 23 жасқа дейінгі студентке 20 789 теңге төленетін болды, сондай-ақ жиынтық табыс есебінен көпбалалы отбасыларға жәрдемақы, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы, білім алушылардың шәкіртақылары алынып тасталды. Атаулы әлеуметтік көмекке үміткер азаматтар арасында түсіндіру жұмыстары облыс бойынша қарқынды жүргізілді. Аталмыш азаматтардың құжаттарын қабылдау, оларға кеңес беру ісі халықты жұмыспен қамту орталықтарында, ауылдық округ әкімдіктерінде және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының барлық 24 филиалында ұйымдастырылды. Өтініш қабылдайтын Жұмыспен қамту орталықтары мамандарының жұмыс уақыты сәуірде сағат кешкі 8-ге дейін, қажет болғанда соңғы клиентке дейін ұзартылды. Қазір құжаттар халықты жұмыспен қамту орталықтарында және ауылдық округ әкімдіктерінде қабылданады, – деп бастады әңгімесін Әсем Нүсіпова.

– Әсем Бекқызы, қазірге дейін облыста 10 144 отбасына атаулы әлеуметтік көмек жаңа механизм бойынша тағайындалып отыр. Бөлінген қаражат – 7,1 миллиард теңге. Осы ретте заңды сауал туындайды – қаралған қаржы жете ме? Сондай-ақ, көмек алушылар санының көбею тенденциясы бола ма?

– Дұрыс айтасыз, атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 7,1 миллиард теңге бөлінді, оның 6,4 миллиарды республикалық, 718,6 миллионы жергілікті бюджеттен қарастырылған. Біз Үкіметтен қосымша қаржы сұрап отырмыз.

Жыл соңына дейін жоспарлы қамту – 46 008 адам. Осы жылдың алғашқы бес айында атаулы көмекті төлеу 2,3 миллиард теңгені құрады, жыл соңына дейін қаржыландыру жоспары бойынша қаражат қалдығы – 4,8 миллиард теңге.

Облыста 31 мамырға дейін 10 144 отбасына (49766 адам, 31509 бала) 1 450 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі жаңа механизм бойынша тағайындалды.

9 519 отбасына немесе 47 292 адамға (тағайындалған жәрдемақының жалпы санынан 93,8%) 1 381 миллион теңге төленді.

Тағайындау 1-31 мамыр аралығында жүзеге асырылғандықтан, 25-31 мамыр аралығында өтініш білдірген қалған 625 отбасына (2474 адам) атаулы көмек маусым айында төленеді.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігінің өзгеруі нәтижесінде  2 608 отбасына (13 349 адам) 1 сәуірге дейін 458 миллион теңгеге (сәуір-мамыр) қайта есептеу және көмек төлеу жүргізілді.

– Әсем Бекқызы, атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі бар, олар шартты және шартсыз ақшалай көмек деп аталады. Осылардың ара-жігін ашып, түсіндіріп берсеңіз.

– Өте орынды сауал. Расында, атаулы әлеуметтік көмек отбасыларға екі түрде көрсетіледі – шартсыз және шартты ақшалай көмек.

Жеке тоқталар болсақ, шартсыз ақшалай көмек – бұл отбасының еңбекке жарамды мүшелері объективті себептермен жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға 6 айға тағайындалатын көмек. Олар – зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 7 жасқа дейінгі балаларды күтумен, мүгедек баланы күтумен айналысатын тұлғалар. Шартсыз ақшалай көмек облыстағы 1 980 отбасына, яғни жалпы отбасылар санының 20 пайызына (7 935 адамға) тағайындалды.

Ал, шартты ақшалай көмек – бұл 12 айға тағайындалатын атаулы көмек, оны төлеу үшін міндетті шарт – әлеуметтік келісімшарт жасасу және отбасының еңбекке жарамды мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу. Әлеуметтік келісімшарт – алушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу туралы тараптардың құқықтары мен міндеттері.

Әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындамау отбасының еңбекке жарамды мүшелеріне төлемді тоқтату үшін негіз болып табылады.

– Бүгінге дейін ақшалай көмек тағайындалған адамдардың 14 514-і жұмысқа жарамдылар қатарынын болып отыр. Оларды еңбекпен қамту іс-шаралары қолға алына ма?  

– Атаулы көмек алушылардың жалпы санынан (10 144 отбасы) ақшалай көмек 8 164 отбасына, яғни 41 831 адамға тағайындалған, оның 14 514-і – өзіңіз айтқандай, еңбекке жарамды азаматтар. АӘК үшін өтініш берген сәтте 6 891 азаматтың тұрақты жұмысы болды, 1267 азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылды.

Бүгінде жұмыс істейтіндердің жиыны – 8158 адам, олардың үлесі облыс бойынша шартты ақшалай көмек алушылардың жалпы санының 20 пайызын құрайды.

Жұмысқа орналасудан бас тартқан адамдар саны – 6356 адам, соның ішінде 7 жасқа дейінгі балаларды күтумен айналысатын адамдар – 5570.

Отбасының тұрмыстық қиын жағдайдан шығуына жәрдемдесу мақсатында қалалар мен аудандар әкімдері еңбекке жарамды және 7 жасқа дейінгі балаларды күтумен айналысатын адамдар қатарынан АӘК алушыларды жұмысқа орналастыру қажет деп санаймын.

– Әлбетте, бұл шаралар аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын және табыс деңгейін арттырады. АӘК тағайындаудың дұрыстығы мен заңдылығын қадағалау бойынша қандай шаралар атқарылуда?

– Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес осы мәселе бойынша тұрақты негізде қалалар мен аудандар әкімдіктерімен селекторлық кеңестер өткізіледі.

Бұдан басқа, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері 29 мамырдан 1 маусымға дейін Өскемен, Риддер қалаларында, Алтай, Бородулиха, Глубокое, Жарма, Катонқарағай, Ұлан, Шемонайха аудандарында АӘК тағайындаудың дұрыстығы мен заңдылығына тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ.

БАҚ және әлеуметтік желілерде ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, сәуір-мамыр айларында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бойынша
163 материал шықты, ақпарат 860 мыңнан астам адамға таратылды.

Жұмыспен қамту орталықтарында көпбалалы отбасылармен атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесі бойынша 12 кездесу өтті. Сәуірден бері халықты жұмыспен қамту орталықтары 16 467 отбасына (84 407 адамға) түсінік берді.

 

– Аймақ басшысының ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін және көпбалалы отбасылар үшін балабақшадағы тамақтану ақысын өтеу жөніндегі тапсырмасы қалай орындалуда?

– Облыста 3 518 көпбалалы отбасы және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар балабақшадағы тамақтану ақысын төлеуден босатылады. Оның ішінде мемлекеттік балабақшаларда 2435 бала, жекеменшік балабақшаларда 474 бала, мүмкіндігі шектеулі 609 бала бар. Ата-ана төлемін өтеу үшін облыстық бюджеттен 200,2 миллион теңге бөлінді.

Төлемдерді әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары негізінде қалалар мен аудандардың халықты әлеуметтік қорғау бөлімдері жүргізеді.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы әділет департаментімен бірлесіп Өскемен қаласының ережесі мысалында қалалар мен аудандар мәслихаттарының сессияларында бекітілетін ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім жобасын әзірледі. Ереже үлгісі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жіберілді.

Қазіргі кезде қалалар мен аудандар ережеге енгізілген өзгерістерді бекіту бойынша мәслихаттардың кезектен тыс сессияларын өткізуде. Мамыр айына арналған ата-аналар төлемінің шығынын өтеу маусымда жүргізіледі.

– Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 9-11 сынып түлектерін қолдау, оларға тегін кәсіби-техникалық білім беру жөніндегі аймақ басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

– Биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп түлектерінің саны – 1087 адам, оның 898-і 9 сыныпты, 189-ы 11 сыныпты бітіріп отыр.

 Қазіргі уақытта көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қаралуда.

Тегін кәсіптік-техникалық білім беру үшін облыстық бюджеттен 6200 орынға тапсырыс бөлінді, сондай-ақ республикалық бюджеттен Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша 1730 орын бөлінді.

Бүгінде аудандық және қалалық білім бөлімдері көпбалалы отбасылардан облыс колледждерінде білім алуға тілек білдірушілерді анықтау, мамандық пен біліктілікті айқындау және колледжді таңдау жұмысын жүргізуде. Бұл деректер гранттық орындарды беру және бөлу кезінде ескеріледі.

Осы мақсаттар үшін жергілікті бюджеттен жылына 4,5 миллиард теңге, оның ішінде көпбалалы отбасылардың студенттеріне 3 миллиард теңге қарастырылған.

– Облыс әкімінің тағы бір нақты тапсырмасы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар балаларын мектеп формасымен қамту болатын. Осы міндетті орындау үшін қандай жұмыстар жүргізілді?

– Мектеп формасына мұқтаж оқушылар саны – 33 583, оның ішінде 6718 бала жергілікті бюджеттен қарастырылған жалпы білім беру қоры есебінен, 26865 бала облыстық бюджет есебінен қамтылады.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша өңірдегі жеңіл өнеркәсіппен 26 кәсіпорын шұғылданады, оның ірілері – «УК Юнис» ЖШС, «Семспецснаб» ЖШС, «Isnar» ЖК, «Ақтұмар» ЖШС, «Ақмаңдай» ЖШС, «Рассвет» ЖШС.

Осы кәсіпорындардың сапасын, өндірістік қуатын анықтау үшін жұмыс тобы құрылды, Кәсіпкерлер палатасында өңірдің тоқыма және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарымен кездесу өткізілді.

Облыс әкімі бұл ретте кәсіпорындар өз қорларын жаңартуы тиіс деген міндет қойып отыр. Себебі, олар жалпы сомасы 625 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын алмақ.

Оның 500 миллион теңгесі облыс бюджетінен, қалған 125 миллион теңгесі жалпыға міндетті оқу қорынан бөлінуде.

Қазіргі кезде кәсіпкерлік және білім басқармаларына кәсіпорындардың мүмкіктерін тиянақты зерделеп, мемлекеттік тапсырыс алудың ашық конкурсына өндірістік қорларын жаңалау шартын енгізу тапсырылды.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу