ШҚО-да коронавирустың таралуы тежеле бастады
ШҚО-ның қалалары мен аудандарындағы соңғы екі айдағы науқастардың санына қатысты статистикалық мәліметтер қабылданған шаралардың жағдайды қалай өзгерткенін көрсете алады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің ақпаратына сүйенсек, маусым айының алғашқы онкүндігінде науқастардың саны бойынша Семей алдыңғы орында болатын. Күнделікті 15-25 науқастан тіркелді. 21 маусымнан бастап Өскеменде коронавирус жағдайлары күрт жиілеп кетті. 4 шілдеге дейін науқастардың саны тұрақты түрде артып отырды. Мысалы, 28 маусымнан 7 шілдеге дейінгі аралықтағы статистиканы алып қарастырайық.
28 маусым: Семейде – 22, Өскеменде – 23.
29 маусым: Семейде – 11, Өскеменде – 21.
30 маусым: Семейде – 17, Өскеменде – 39.
1 шілде: Семейде – 34, Өскеменде – 30.
2 шілде: Семейде – 14, Өскеменде - 46.
3 шілде: Семейде – 15, Өскеменде – 48.
4 шілде: Семейде – 12, Өскеменде – 53.
5 шілде: Семейде – 22, Өскеменде -28.
6 шілде: Семейде – 11, Өскеменде – 27.
7 шілде: Семейде – 15, Өскеменде – 26.
Он күн ішінде барлығы Семейде – 173, Өскеменде – 341 науқас тіркелген.
Семейдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Облыстағы 756 жағдай Семейде тіркелген (33 пайыз), Өскеменде – 621 жағдай (27 пайыз).
Алайда 19 маусымда Семей қаласының бас санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша шектеу шараларының енгізілуіне байланысты аурудың өсу қарқыны төмендеді. Күнделікті тіркеліп отырған 30-40 жағдай 3 шілдеден бастап 12-15-ке дейін азайды.
Сондықтан да карантиндік шаралардың қабылдануы аса қажет. Рұқсат қағазы жүйесі мен қатаң шектеулер аурудың таралуына жол бермейді. Мұны облыстағы жағдайға жасалған талдау қорытындысы да дәлелдеп отыр.