Өскеменде 17 бірдей мектеп жөнделеді
Өскеменде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 17 мектеп жөнделеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Біз бүгін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №32 мектепке бардық. Мердігер компания жұмыстың негізгі бөлігін еңсеріп үлгерген екен. Қазір пластик терезелер мен есіктер орнатылуда.
– 120 терезе және 8 есік орнатамыз. Бұл жұмысты 30 маусымға дейін аяқтау көзделген. Бастапқыда шаруа көлемі – үлкен, мерзім – қысқа секілді көрінген. Алайда жұмыс үздіксіз жүрді. Айдың соңына дейін су жаңа, пластик есік-терезелер орнатылады, – дейді мердігер компанияның өкілі.
Аталмыш мектептің жөндеу жұмысына 26 миллионнан астам қаражат бөлінген. Жалпы «жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша алдағы үш жылда облыс орталығындағы 26 білім беру ұйымы жөнделеді. Оның ішінде орта мектептермен бірге көп жыл бойы жөндеу көрмеген шағын-орталықтар, балабақшалар және инклюзивті білім беру ошақтары бар.
– Біз соңғы бірнеше жылда облыс орталығындағы білім мекемелерін аралап, қай нысанның қандай көмекке мұқтаж екенін байқадық. Соңғы үш-төрт айда қалалық білім бөлімімен және білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесіп, ақылдаса келе жөнделуі тиіс нысандардың тізімін жасадық. Осының арқасында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бойынша күрделі жөндеуден өтетін білім беру ұйымдарын анықтау қиынға түспеді. 26 ұйым күрделі жөндеуден өтеді. Мұның ішінде жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылған, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Марина Кикина.