KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
494.87 520.65 4.91

ШҚО-да кәсіпкерлердің тендерді дабыра қылуының түпкі мақсаты не?

4.06.2020, 09:31 196

Облыстағы екі кәсіпкер Александр Федосов пен Болат Бағадаев өңірдегі бірқатар мемлекеттік сатып алулардың дұрыс әрі ашық өткізілмегендігіне өз тараптарынан сенімсіздік білдірген болатын. Тіпті, тексеріс нәтижелері болмаса да, бәсекелес кәсіпорындардың адресіне айыптаулар айта бастады.

Даудың басы 2019 жылы «ДСУ-14» ЖШС иесі Александр Федосов пен Өскемен әкімі Жақсылық Омар арасындағы түсініспеушіліктен басталған. Қала әкімінің «ДСУ-14» ЖШС-ны жауапсыз мердігер ретінде фотосуретін ілеміз» деген сөзі кәсіпкердің намысын қажап, оған қарсы ашық үндеу жариялап, 36 млн теңге ақша талап етті» деп айыптай бастады. Тіпті, Федосов мырзаның бір сөзінде «Былтыр жиналыста қала әкімі Жақсылық Омар елдің алдында менің жұмысыма сын айтып, масқаралады. Кейін офисіме келіп, компаниямның үздік екенін түсініп, нақақ айыбына қарсы әрекет жасауды бастап, ашық хат жолдадым. Біреулер арқылы хабарласып, менен кешірім сұрауын да талап еттім. Алайда кешірім сұраған жоқ» дегені бар.

Олай болса, кәсіпкер Федосов пен Жақсылық Омар арасындағы аяқталмаған дау, басқаша айтқанда, «есеп айырысу» өзгеше сипат алғаны ма? 

Одан бөлек, кәсіпкер өз сөзінде 2017 жылдан бастап барлық бюджеттік істерді, сот процестерін «Востоквзрывпром»  ЖШС жеңіп келетінін, «Востоквзрывпром» ЖШС-ның «заңсыз туған» компания екенін, «ДСУ-11» мен «Востоквзрывпром» ЖШС – мемлекеттік сатып алу байқауының 70 пайызын ұтып келетінін, ал «ДСУ-14» ЖШС-не ештеңе бұйырмағанын айтқан еді. Дегенмен, Федосовтың компаниясының 2020 жылдың басынан бері Өскемен қаласында орташа жөндеу бойынша 10 конкурсқа қатысқаны белгілі болды. Одан бөлек, Көкпекті ауданында екі нысан бойынша арнайы тәртіпті қолдану арқылы конкурсқа қатысып, жеңімпаз деп танылыпты.

- Біріншісі, Өскемен-Тарғын-Самар автокөлік жолының 113-133 шақырымдарын орташа жөндеу, нысан құны -  375 млн. теңге. Екінші нысан – Преображенка-Шұғылбай автокөлік жолын орташа жөндеу, құны – 301 млн. теңге. Екі конкурс бойынша бекітілген келісім 646,4 млн. теңгені құрайды, – дейді облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамов.

«ДСУ-14» ЖШС-нің қосалқы мердігер ретінде де тапсырыстар алып отырғаны белгілі болды. Оның біреуі – Өскемендегі Самар тасжолына шыға берістегі жол. Алайда ол тапсырылған жұмысты аяқтамай, негізгі мердігер «Терезе» ЖШС-імен келісілген жұмысты жарты жолда қалдырып, кәсіби беделін түсірген сыңайлы. «Терезе» ЖШС-нің өндірістік бөлім басшысы Людмила Ельцованың мәлімдеуінше, өткен жылы «ДСУ-14» ЖШС Самар тас жолындағы жөндеу жұмыстары барысында әділетсіздік танытып, қарабайыр тілмен айтқанда, «лақтырып» кеткен.

– Мен «ДСУ-14» ЖШС-нің «қаладағы ең үздік құрылыс компанияларының біріміз» деп жүргенін естіп, қапаландым. Өткен жылы қосалқы мердігер ретінде «ДСУ-14» ЖШС-ін жұмысқа тарттық. Келісімшарт сомасы 595 миллион теңгені құраған. Осы келісімге сәйкес, Самар тас жолына шығатын жолдан 950 метр автомобиль жолына дейін екіқабатты асфальтбетон жамылғысы бар жер төсемін толығымен салу керек болды, әрі бұл жолды құрылыс маусымы біткенше өткізіп, қысқа дейін дайындауға тиіс еді. Бірақ «ДСУ-14» уәде етілген 950 метрдің тек 100 метрге жетер-жетпес жеріне асфальт салды. Осылайша, жөндеу жұмыстарына өзіміз араласып, өз күшімізбен уақытында бітірдік, – дейді Людмила Ельцова.

Ал Федосовтың «заңсыз туған компания» деп отырған «Востоквзрывпром» ЖШС нақақ жала жапқаны үшін жоғарыда аты аталған екі кәсіпкерге қатысты сотқа талап арыз беріп қойыпты.

– Біздің компанияда 2001 жылдан бері бар, 1000 астам адам қызмет етеді, 200 бірлікке тарта жаңа техникамыз бар. Тәжірибеміз үлкен, бюджетке миллиардтап қаржы салып отырмыз. Егер салыстырып қарар болсақ, қазіргі таңда «ДСУ-14» ЖШС-не қарағанда менің инженерлік-техникалық қызметкерлерім үш есе көп. Зауытымыздың күші де үш есе көп. Ал олардың техника паркі ескі. Дәл осындай көрініс Бағадаевта да бар. Біздің 15 бұрғылау техникамыз қазір жаңа. Екі компанияны да бізге жала жапқаны үшін сотқа беріп отырмын. Алғашқы отырыс осы айдың 11 күні өтеді, – деп мәлімдеп отыр Дмитрий Сомов.

Осылайша, кәсіпорындар арасындағы туындаған бәсекелестік пен өзара түсініспеушілік дүрбелеңге ұласқан сыңайлы. Енді бұл іске ШҚО әкімі Даниал Ахметов араласып, мемлекеттік сатып алу мәселелерді қарайтын арнайы жұмыс комиссиясын құруды тапсырды. Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Екінші отырыс маусымның 5-і күні өтуге тиіс. Комиссия мүшелері барлық құжаттар қамтамасыз етіліп, ашық қаралатынына сендіріп отыр.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу