KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 1 м/с, С
494.87 520.65 4.91

ШҚО-дағы кәсіпкерлердің шағымы бойынша комиссияның екінші отырысы өтті

5.06.2020, 16:02 286

Бүгін облыстық әкімдіктің қабырғасында мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелерді қарайтын облыстық комиссияның екінші отырыс өтті.

3-ші маусым күні өткен алғашқы отырыста кәсіпкер Александр Федосов пен Болат Бағадаев Өскемен қалалық қаржы бөлімі мен облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналды меншік басқармасына 4 пункт бойынша айып таққан болатын:

1. Мемлекеттік сатып алу процесінің заң аясында болмауы және байқаудың заңсыз тоқтатылуы;
2. Облыстағы екі компания – «ДСУ-11» және «Востоквзрывпром» ЖШС-ның барлық жол құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алудың байқауының 70 пайызын жеңіп алуы;
3. «ДСУ-14» ЖШС-ны тендерде қабылдаудан бас тарту үшін қалалық бюджетте түзетулер енгізгу;
4. Лауазымды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында заңсыздық іс-әрекеті.

Тағылған айыптарға байланысты әр жауапты тұлға бүгін комиссияның екінші отырысында құжаттар мен дәлелдер келтіре отырып, комиссия мүшесіне мән-жайды баяндады.

- «ДСУ-14» ЖШС 2020 жылдың басынан бері Өскемен қаласында орташа жөндеу бойынша 10 конкурсқа қатысты. Олардың ішінде екі конкурсқа жіберілді. Алайда, жеңілдік жасамай, баға ұсынымында жеңіліп қалды. Қалған сегіз конкурста «ДСУ-14» ЖШС-нің өтінімі 39 пунктке сәйкес арнайы тәртіпті қолдана отырып, қайтарылды. Себебі, аумағы бойынша кәсіпорын Көкпекті ауданының Самар ауылында орналасқан. Кәсіпкер Федосов мырза «ешқандай конкурста жеңбедім» депті. Алайда «ДСУ-14» ЖШС-і Көкпекті ауданында екі нысан бойынша арнайы тәртіпті қолдану арқылы конкурсқа қатысып, жеңімпаз деп танылды. Біріншісі, Өскемен-Тарғын-Самар автокөлік жолының 113-133 шақырымдарын орташа жөндеу, нысан құны – 375 млн. теңге. Екінші нысан – Преображенка-Шұғылбай автокөлік жолын орташа жөндеу, құны – 301 млн. теңге. Екі конкурс бойынша бекітілген келісімнің жалпы сомасы 646,4 млн. теңгені құрайды, – деп жауап қайтарды ШҚО Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамов алғашқы тағылған айыпқа.

Сонымен қатар, Руфат Акрамовтың айтуынша, «облыстағы екі компания – «ДСУ-11» және «Востоквзрывпром» ЖШС-ның барлық жол құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алудың байқауының 70 пайызын жеңіп алған» дегені фактісі негізсіз әрі жалған. Себебі жол құрылысы бойынша 2020 жылы аймақта барлығы 127 байқау өткізілген екен. Оның 7-еуін «Востоквзрвыпром» ЖШС жеңіп, жалпы көрсеткіштің 5,5 пайызын құраса, «ДСУ-11» ЖШС 6 байқауды жеңіп, 4,7 пайызды құраған. Ал «ДСУ-14» 127 байқаудың 2 байқауын жеңіп, жалпы көрсеткіштің 1,5 пайызды құрады.

Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың түсіндіруінше, аталған екі кәсіпкер сенімсіздік танытып отырған конкурстардың барлығы да заң аясында арнайы тәртіп бойынша жүргізілген. Ал «Топаз» ЖШС «Жерасты сулары қорымен қамтамасыз ету үшін іздеу-барлау жұмыстары» нысаны бойынша конкурстан жеңілген себебі, компанияның өтінімінде жұмысты тапсыру орны аумағында, атап айтқанда Риддер қаласында, Глубокое, Жарма, Көкпекті, Катонқарағай, Ұлан, Шемонаиха, Аягөз және Алтай аудандарында ресурстарының барлығын растайтын құжаттары болмауында. Қазір аталған конкурс бойынша «Топаз» ЖШС шағымына сәйкес облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудиторлық тексеру жүргізуде.

Ал бюджеттегі түзетулерге байланысты шағым бойынша сөз алған облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Тұмашқызы расында Экономика министрлігінен бюджеттік шығыстарды оңтайландыру бойынша қаулысы болғанын алға тартты.

- Республика көлемінде 100 млрд. теңге бюджеттік сома қысқарту тапсырылды, оның 7,4 млрд теңгесі ШҚО-ға тиесілі. Ал Өскемен қаласы бойынша 690 млн теңге бюджеттік шығыс қысқартылған, - дейді басқарма басшысы.

ШҚО Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басшысы Еркін Тұраровтың айтуынша, 5 сәуірдегі комиссия қорытындысымен Өскемендегі 5 нысанның құны қысқартылып, тендер өткізу тоқтатылған.

Ал ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин Александр Федосовтың «лауазымды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында заңсыздық іс-әрекеті» шағымы бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

- Шағымданушылардың шағымы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық негіздер мен фактілер тексеріледі. ҚР Қылмыстық Кодексінің 201-бабы «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу» бойынша басқа ақпарат әзірге айтылмайды, қосымша ақпараттар болса жария етеміз, - деп мәлімдеді Жігер Байділдин.

Осылайша тараптар тыңдалып, мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелерді қарайтын облыстық комиссияның екінші отырысы аяқталды. Үшінші отырыста 10 маусым күні болмақ. Онда комиссия мүшелері «Топаз» ЖШС иесі Болат Бағадаевтің шағымы қаралады деп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу