Тендер былығы: ШҚО-дағы кәсіпкерлер Президенттен көмек сұрайды
ШҚО-дағы бірқатар кәсіпкерлер шенеуніктердің қыспағынан көз ашпай келетінін айтып, Кәсіпкерлер палатасында бас қосты. Ортақ мәселе – мемлекеттік сатып алуда жемқорлық пен шенеуніктердің заңды өз мүдделеріне қарай бұрып алуы.
Мәселен, 1969 жылдан бері бар «ДСУ-14» ЖШС директоры Александр Иванович соңғы жылдары тендердегі заңсыздықтарды әшкерелеу үшін құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып келетінін, бірақ ешқайсысынан нәтиже жоқтығын айтады.
- Былтыр Өскемендегі Әуезов даңғылын жөндеуге маған 360 млн берді. Оның 180 миллионын басқа жерге беруімді талап етті. Оған келістім. Кейін 36 млн теңге шамасында үлес сомасын талап етті. Одан бас тарттым. Ақша беруден бас тартқаннан бастап қысым көріп келемін. Байқауға қатыстырады, бірақ байқау белгісіз себептермен өткізілмей қалады, – дейді Александр Федосов.
Кәсіпкердің айтуынша, басқасын айтпағанда, кейінгі Виноградов көшесін жөндеуге байланысты мемлекеттік сатып алуды жеңгелі тұрған мезетінде қолында құзіреті барлар «бюджеттегі түзетулерді енгізуге байланысты» деген желеумен тендер ойнатудан бас тартқан.
- Бюджет тек мәслихат сессиясымен түзетіледі ғой. Ал мәслихат сессиясы болған жоқ. Шенуеніктер заңды өздерінің мүдделеріне қарай бұрып алады. 2017 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроға, Прокуратураға, Әдеп жөніндегі кеңеске арызданып келемін. Олар да жемқорлық фактісі орын алғанын растайды, бірақ іс жүзінде нәтиже жоқ. Облыстық басқармалар жемқорлық фактілерімен ұсталып жатқанда, неге қалалық бөлімдерді тексермейді. Менде барлық қажетті техника, асфальбетон, цементбетон зауыты бар. Барлық талаптарға саймыз. Біз жемқормыз ба, әлде байқауды өткізушілер жемқор ма? Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алудың неліктен 70 пайызын «ДСУ-11» және «Востоквзрывпром» ЖШС жеңіп алатынын түсінбей дал, - деп қосты кәсіпкер Федосов.
Отырысқа облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Руфат Акрамов та қатысып, сөз алған. Алайда одан кәсіпкерлердің ешқайсысы тұшымды жауап ала алмады.
Кәсіпкер Федосовтің сөзін жалғап, 2018 жыл сәуірден бастап Өскемендегі «Самал» саябағын қайта жөндеу жұмыстарына қатысқан, алайда әлі күнге дейін атқарған жұмыстары үшін қаржыларын алмаған 6 компания да жалғады. Үкіметке өкпесі қара қазандай мердігер компаниялардың бірі тіпті, көзіне жас алды.
- Шенеуніктердің сол кезде «жұмыс істеңдер, бас мердігер келеді, барлық шығынды өтейді» деп уәде еткен. Кейін біз жұмыс істеп жатқан шілде айында бас мердігер пайда болады. Ол бас мердігер - "ЭКСПЕРТИЗАИАНАЛИТИКА" ЖШС 85 пайыз жұмыс орындалып қойғаннан кейін тендерді 550 млн теңге сомасында жеңіп алғаны белгілі болды. Бірақ қалай алғаны, ол жағы белгісіз. Ал біздің жұмыс байқаусыз өтті. Жұмыстың жалпы сомасы 180 млн теңге. Қаржымызды әлі алмадық, - деді «Востокмонтажстрой» ЖШС директоры Анатолий Томилов.
Мәселенің шеті шикілене бастағанда «Самал» саябағындағы жөндеуге қатысқан 6 компаниядан қалалық әкімдік бұл жайтты көтермеуді сұраған. Артынша қыркүйек айында 6 компанияға 87 млн теңге берген. Осылайша әркім атқарған жұмыс көлеміне байланысты транштың бір бөлігін алған. Дегенмен берген соманы қайта беруді, анығын айтқанда үлесін беруді сұрап, қипақтай бастаған.
- Қалған 93 млн теңгемізді берген жоқ. Оған қоса бас мердігер компанияның директоры Хасис Александр Генадьевич атқарған жұмыстың 25 пайызын ұстап қаламын деді. Егер біз, 6 компания, 180 млн теңгеге бағаланған жұмысты істесек орындасақ, қалған 370 млн теңге кімнің қалтасында кетті? Түсіндіріп беретін біреу бар ма? Сәуірден шілдеге дейін бас мердігерсіз жұмыс істедік. Біз атқарылған жұмыстың актісін беріп, барлық салықты көтердік. Мемлекетке енді қалай сенеміз? – деп көзіне жас алды Анатолий Томилов.
Осылайша кәсіпкерлер қала әкімі Жақсылық Омар мен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Еркін Тұраровқа сенеміз деп, бармақтарын тістеп қалған.
- Әкім бізбен кездесуден бас тартып жатыр. Бас мердігер Хасис Генадьевич болса, 15-17 пайызын ТҮКШ басқармасына беретінін, қалған 25 пайызын ұстап қалатынын айтады. Былтыр, тіпті, қыркүйек аяғында ТҮКШ басқармасының басшысы Еркін Тұраров пен бас мердігер Хасистің территориясында ақша жайында сөйлесуге келгенін өз көзімен көрдім. Жұмысқа қатысты нысан аумағында кездессе жұмыс жайында деп ақтап алар едім. Бірақ кездесу жеке аумақта өтті. Үкімет адамы мұндай жерде жүрмеуі керек қой, - дейді қалған 100 млн теңгесін ала алмай жүрген мердігер компания - «777иК» ЖШС директоры Айнаш Сұлтанбекқызы.
Ортақ мүдделері бір кәсіпкерлер енді қол жайып отырмақ емес. Дәлел мен дәйек келтіре отырып, әуелі Парламентке, Бас прокуратураға, тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін ашық хат жолдамақ. Хат мәтіні дайын, толықтырулар енгізіп, жолдау ғана қалды.
- Осы мәселеге байланысты және мемлекеттік сатып алу ісін қадағалайтын бақылау комиссиясының тобы құрылып, арыз-шағымдардың негізі жіті қаралады. Қазір кімнің, ненің болсын құқықтық бағасын бере алмаймыз, - деп түйіндеді ШҚО Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық басқарма басшысы Руфат Акрамов.