«Кез келген адам ақша таба алады». Қазпошта жаңа қызметті іске қоспақ
"Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов курьерлік қызмет арқылы ақша табуға болатынын мәлімдеді. Оған кез келген адам қатыса алады, деп Altaynews тілшісі хабарлайды Sputniknews Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Компания басшысының айтуынша, кей кезде сәлемдеме көп келеді. Әсіресе, күзде және жаңа жылдың алдында интернет арқылы тапсырыс берушілер жиілейді. Осындай уақытта Қазпоштаның қызметкерлері бәрін уақытында жеткізуге үлгермей жатады. Осыған байланысты алдағы уақытта курьерлік қызмет арқылы басқа адамдарға ақша табуға мүмкіндік беру жоспарланып отыр.
"Мысалы, қазір Яндекс Таксиге кез келген адам тіркеліп, ақша таба алады. Сол сияқты біз де курьерлік қызметті ұсынамыз. Кез келген адам біздің жүйемізге қосылып, бос тұрған сәлем-сауқаттардың бар екенін көре алады. Соны жеткізгені үшін ақша алады. Жақын арада осындай қызметті іске қосамыз", - деді Сәрсенов Sputnik Қазақстан редакциясында өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа қызмет арқылы студенттер мен жұмыссыздар табыс таба алады. Ал курьерлік компаниялар бос отырған қызметкерлеріне қосымша тапсырыс беріп отырады.