«Билет және маска». Пойызбен жүру үшін мына ережелерді білуіңіз керек
Елде 1 маусымнан бастап ішкі жолаушы пойыздары жүреді. Осыған байланысты Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабыловтың қаулысы қабылданды. Онда мына ереже-талаптар сақталуы тиіс:
- Жолаушылар вокзал ғимаратына медициналық маска мен жолаушы билеті болғанда ғана кіргізіледі;
- Ғимаратқа кірмес бұрын олар байланыссыз термометриядан өтеді;
- Теміржол және пойыз қызметкерлері медициналық маска мен қолғаптар киюге міндетті;
- Жолаушылардың бір вагоннан екінші вагонға жүруіне шектеу қойылады;
- Теміржол вокзалдарына жолаушыларды шығарып салушылар кіргізілмейді.
Сондай-ақ, бас санитар дәрігер жолаушылар пойыздары жолға шықпас бұрын теміржол вокзалдары мен вагондарға ревизия жүргізіліп, желдету жүйесі мен фильтрлер ауыстырылатынын, жолсеріктер пойыз жолаушыларынан анкета алып отыратынын, одан өзге, пойыздарда дезинфекция жұмыстары қарқынды жүргізілетінін де атап өтті.