KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, СБ
511.22 540.05 4.73

Аида Балаева Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды

4.05.2020, 07:54 208

Аида Балаева ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалсын», - деп жазылған Ақорда сайтында жарияланған Мемлекет басшысының Жарлығында.

Бұған дейін Аида Балаеваның Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылғаны туралы хабарланған еді.

Аида Ғалымқызы Балаева 1974 жылы туған. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген. 1999-2002 жылдары – Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы. 2002-2004 жылдары – Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының талдау және қоғамдық-саяси үрдістерді үйлестіру бөлімінің бастығы. 2004 жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында – Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасының талдау және болжау бөлімінің бастығы. 2004-2005 жылдары – Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасы бастығының орынбасары. 2005-2006 жылдары – Алматы қаласының ішкі саясат департаменті директорының орынбасары. 2006-2008 жылдары – Алматы қаласының ішкі саясат департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары – Астана қаласының ішкі саясат басқармасының бастығы. 2010-2014 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2014-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі. 2019 жылғы 22 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. «Құрмет» орденімен (2010), 2 медальмен марапатталған. Әлеуметтік ғылымдар кандидаты.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу