Дәрігерлердің үстемеақысынан салық алына ма?
Мемлекеттік кірістер комитеті медицина қызметкерлерін әлеуметтік төлемдер мен салық төлеуден босату туралы шешім қабылдады.
Мұндай қолдау 1 сәуірден 1 қазанға дейін жалғасатын болды
Мемлекеттік кірістер комитетінің бапасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш шешім Үкіметтің «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» № 224 қаулысына сүйене отырып шығарылған.
«Жеке аурухана ұйымдарының, шипажай-курорттық ұйымдардың қызметін жүзеге асыратын жеке дәрігерлік практика мен стоматология саласындағы шағын, кіші немесе орта кәсіпкерлік субъектілері үшін мөлшерлемелерге «0» түзету коэффициенті белгіленді. Осылайша, медицина қызметкерлері ұйым меншік нысанына қарамастан төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығынан, әлеуметтік салықтан, міндетті зейнетақы жарналарынан, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан, әлеуметтік аударымдардан, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдардан босатылды. Аталған салықтық босатулар 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін болатын міндеттемелер бойынша қолданылады», – деп жазады комитеттің баспасөз қызметі.
Комитеттің ақпаратына сенсек, коронавируспен күреске тартылған медицина мамандарына төленетін үстемақыдан да ешқандай салық алынбайды. «Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі № 28/2020 бұйрығына сәйкес 2020 жылғы 1 наурыздан бастап төленетін эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын қызметкерлерге үстемеақыдан босату шаралары көзделген», – деп жазылған баспасөз мәліметінде.
Дереккөз: inbusiness.kz