ШҚО-да соғыс ардагерлеріне қомақты әлеуметтік көмек көрсетіледі
Шығыс Қазақстан облысында Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының қатысушыларына материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қазіргі уақытта өңірде 124 соғыс ардагері, 15 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевтың айтуынша, биыл ардагерлерге 600 мың теңгеден, тыл еңбеккерлері мен ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға 100 мың теңгеден беріледі.
Сондай-ақ 7-9 мамыр аралығында облыста Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған 340 іс-шара өткізу жоспарланған еді. Алайда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты ел көлемінде барлық іс-шараларды шегеруге тура келеді. Бірақ бұл ардагерлер ескерусіз қалады деген сөз емес.
– Қазіргі уақытта еріктілер, белсенділер мен қоғамдық ұйымдар ардагерлерге және жалғыз тұратын зейнеткерлерге көмек көрсету үшін күн сайын бізге хабарласады. Еріктілер жақында ардагерлердің үйіне барып, ауласын тазалап, бақшасын жөндеді. Мұндай шаралар түгел облыс көлемінде жасалып жатыр. Қарттар біздің қамқорлығымызда. Ал мерекелік іс-шараларды төтенше жағдай режимі аяқталысымен өткіземіз, – дейді Айтқазы Шерубаев.