ШҚО-да соғыс ардагерлеріне 500 мың теңгеден табысталады
ШҚО-да Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жарты миллион теңгеге дейін бір реттік қаржылай көмек берілмек, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шығыс Қазақстанда 202 соғыс ардагері мен соларға теңестірілген 58 адам бар, сондай-ақ, ҰОС да қаза тапқан (қайтыс болған, із-түзсіз жоғалған) жауынгерлердің жесірлерінің саны – 22 адам. Олардан бөлек, бір реттік қаржылай көмекті тыл еңбеккерлері де алады екен.
Аталған санаттағы адамдардың барлығы 9 мамырда қаржылай көмек алатын болды. Оның мөлшері 215 АЕК (542 875 теңгеден) пен 25 АЕК (63 125 теңге) аралығында белгіленген.
Ең көп сома соғысқа тікелей қатысқан майдангерлерге беріледі. Ал соғыс ардагерлеріне теңғестірілген тұлғалар мен жесірлерге 35 АЕК немесе 88 375 теңгеден таратылады. Орден және медальға ие еңбек ардагерлері 25 АЕК мөлшерінде көмек алады.
Осы мақсаттарға бюджеттен 110 миллион теңге бөлінбек.