Риддерде қарт адамдарға үйден шығуға тыйым салынды
15 сәуірден бастап Риддер қаласында шектеу шаралары енгізілген болатын. Осы шара кезінде қарт адамдарға үйлерінен шығуға тыйым салынды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Коронавирус пандемиясында қарт адамдар тәуекел тобына жатқызылғанын еске саламыз. Осыған орай Риддер қаласының әкімдігі жасы 65-тен асқан тұрғындарды үйлерінде қалуға шақырады. Оларға қажетті азық-түлік, жеке бас гигиенасына арналған заттар мен дәрі-дәрмекті туыстары әкеліп бере алады. Ал жақындары жоқ қарттарға волонтерлер тобы көмек көрсетеді екен.
Қала әкімдігінің ақпараты бойынша, 20 сәуірден бастап Риддерде call-орталық жұмысын бастайды. 4-18-06 номері бойынша қарттар мен 1,2,3 топқа жататын мүгедектер қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек пен заттарды үйлеріне жеткізу үшін тапсырыс бере алады. Сall-орталық дүйсенбі-жұма арылығында сағат 9.00-ден 18.00-ге дейінгі аралықта қызмет көрсетеді. Желіде қоңырауларды үш оператор қабылдайды. Азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттар тегін берілмейтінін ескертеміз, олардың ақысын тапсырыс беруші төлеуге міндетті. Ал үйіне дейін жеткізіп беру – тегін. Бұл қызмет бір сағат көлемінде көрсетіледі. Тауарды жекізумен 21 адам айналысады. Оларға қазір арнайы бейдж әзірленіп жатыр.