"Бангкок-Өскемен". Ресей азаматтары да ұшып келуі мүмкін
Өскеменге Таиланд астанасы Бангкоктан Ресей азаматтары да ұшып келуі мүмкін. Бұл туралы Таиланд корольдігіндегі Ресей елшілігінің ресми сайтында жазылған.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «Бангкок – Өскемен» чартерлік әуе рейсін шығарғаны мәлім. Осы рейспен елге қайтуды ойлаған Ресей азаматтары да ұша алады. Біз Таиландтағы Қазақстан елшілігімен келістік. Ұшақтағы орын саны шектеулі. Билет бағасы: 500 доллар. Баса айта кетерлігі, азаматтардың Өскеменнен Ресей шекарасына және одан ары қарай үйіне жетуі өздерінің қолдарында. Қазақстан аумағында карантин ережелерін де сақтай білуі керек», – делінген Ресей елшілігінің ақпаратында.
СКАТ әуе компаниясының сайтында «Бангкок-Өскемен» билетінің бағасы 172 956 теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар онда «Денпасар (Индонезия) – Өскемен» билеттері де сатылуда. Бағасы: 173 018 теңге.
Уk.kz сайтының жазуынша, «Бангкоктан 14 сәуір сағат 14:30-да шыққан ұшақ сол күні Данпасарға қонады. Ол ұшақ Денпасардан сағат 20:00-де шығып, Өскеменге 15 сәуір күні 9:30-да жетеді».
Ал осы ұшақпен Өскеменге келген жолаушылар карантинге жабыла ма; жабылмаса қайда барады; олар жабық қаладан қалай шығады – бұл сұрақтарға әлі жауап айтылмады.