Алаяқтықтың жаңа түрі - Азаматтарға арналған үкімет ескертеді
Азаматтарға арналған үкімет халыққа алаяқтықтың жаңа түрлері жөнінде ескертеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әлеуметтік желілерде көптеген хабарландыру пайда болды. Онда қазақстандықтарға жеке мәліметтерді сұрату арқылы электронды цифрлық қолтаңбаны алуға көмектесу ұсынылған. Алаяқтар елдегі жағдайды пайдаланып, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандардан ЖСН, ЭЦҚ, банк картасының нөмірін, тіпті оның пин-кодын сұрай отырып, әлеуметтік жәрдемақыны рәсімдеп беру қызметін көрсетуді ұсынып жатыр.
Азаматтарға арналған үкімет адамдардан мұндай қызметтерге жүгінбей, бас тартуды сұрайды.
Жеке мәліметтерін, соның ішінде ЭЦҚ-ны бөтен адамдарға беру арқылы азаматтар өздері жеке деректері мен мүліктеріне қауіп төндіретінін түсінуі керек. Электрондық цифрлық қолтаңба мен оның құпиясөзін алған алаяқтар азаматтың egov.kz-тегі барлық жеке мәліметіне қол жеткізе алады. Оған қоса, олар жалған келісімдер жасасу үшін оның атына кәсіпкерлік ашып, баспанасына бейтаныс тұлғаларды тіркеп, тіптен көлігін өзге адамның атына шығара алады. Банк картасынынң ПИН-кодын алғаннан кейін алаяқтар ондағы барлық қаражатты шешіп алуы мүмкін.
Азаматтарға арналған үкімет қазақстандықтардың онлайн түрдегі мемлекеттік қызметтердің барлық мәселесі бойынша, соның ішінде ЭЦҚ мен жаңа әлеуметтік төлем түрі бойынша ақысыз түрде және еш қауіпсіз 1414 бірыңғай байланыс орталығынан көмек ала алатындығын хабарлайды. Қоңырау шалу тегін. Қазіргі уақытта оның жұмысына халыққа қызмет көрсету орталықтарының 1800-ден астам қызметкері тартылған.
Сонымен қатар, Facebook әлеуметтік желісінде «eGov помощь» тобы құрылды, онда қарапайым желі қолданушылары, IT-мамандар және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерінен тұратын бірқатар ерікті жиналды. Олардың барлығы egov.kz порталының белсенді қолданушылары, олар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алады және елімізде орын алған қиын сәтте өзге азаматтарға электрондық үкімет порталын пайдалануды үйретуге дайын. Сондай-ақ еріктілер азаматтардан еш жеке деректерін талап етпейді, тек сұрақтарына жауап беріп, пайдалы кеңестер беру арқылы мемлекеттік қызметті алуға көмектеседі.
Осындай күмәнді қызметтерді пайдаланып үлгерген болсаңыздар, ЭЦҚ-ның құпиясөзін pki.gov.kz-тегі жеке кабинеті арқылы өзгерту немесе кілттердің күші жою қажет.