«Азаматтарға арналған үкімет» көліктерін портал арқылы тіркеткендер арасында ұтыс ойынын өткізеді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көліктерін egov.kz порталы арқылы онлайн тәсілмен тіркеткен азаматтар арасында ұтыс өткізбек. Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Ұтысқа көліктерін тамыздың 1-і мен 31- аралығында тіркеткендер қатыса алады. Бүгіннен бастап жаңа көлік алып, өз атына онлайн тіркеткен қазақстандықтар «Көлігіңді онлайн тіркеп, ұтып ал жаңа дөңгелек» ұтыс ойынына қатысып, бірнеше сыйлықтың бірінің иегері атана алады. Бұл шара көлікті қайта тіркету мемлекеттік қызметінің электронды форматта алу үрдісін танымал етіп, халықты қызметтерді онлайн алуға ынталандыру үшін жүргізіліп отыр, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Асхат Жарылқасынов.
Ұтысқа қатысушылардың тізімі жеке сәйкестендіру нөмірлерінен тұрады, жеңімпаздар кездейсоқ таңдау бойынша анықталатын болады. Ұтыс 1-қыркүйек күні сағат 15.00-де мемлекеттік корпорацияның инстаграмдағы @gov4c.kz парақшасында жүргізіледі.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, байқау жеңімпазына жаңа дөңгелектерді алуға мүмкіндік беретін сертификат табысталады, жеңімпаз оларды қалауынша көлігінің маркасына сай қылып ала алатын көрінеді. Одан бөлек, қосымша сыйлықтар да ойнатылады. Ұтысқа қатысушылар сақтандыру полисін, көлік жуу орталығына абонемент, бейнетіркеуіш, май ауыстыру, жанармайдың толық багын ұтып алады.
Автокөлікті қайта тіркеу үшін көлік иесінің электронды цифрлық қолтаңбасы болу керек.