ҚР Үкіметінде коронавирус бойынша шұғыл отырыс өтті деген ақпарат тарады
Әлеуметтік желіде және WhatsApp мессенджерінде ҚР Үкіметінде коронавирус бойынша шұғыл отырыс өтті деген ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Таралып жатқан ақпаратта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирус таралып жатқанын жоққа шығармайды делінген. Сондай-ақ оқушылар мен студенттер демалысқа жіберіліп, қоғамдық шаралар тоқтатылып, қоғамдық көліктер тексеріліп, 2 наурыздан бастап мемлекеттік органдар қатаң режимге көшетіні айтылған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚР аумағында коронавирус инфекцияның келуі мен таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Құрметті азаматтар, әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттық жазбаларға сенбеуді және тек ресми дереккөздерге ғана сенуді сұраймыз. Барлық нақты ақпаратты Сіз ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің ресми сайтынан және ДСМ Facebook және Комитеттің парақшаларынан ала аласыз», - деді ведомство өкілдері.