ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: Елімізде коронавирус тіркелді деген жалған ақпарат
Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасай отырып. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының берген мәліметіне сенсек, Қытай Халық Республикасында 23 қаңтарға дейін коронавирустық инфекцияны жұқтырған 571 жағдай тіркеліп, 17 адам көз жұмған. Әлем елдерін уайымға салған вирус жайлы күн сайын жаңа мәлімет тарауда. Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрігі әлеуметтік желілерде тарап жүрген жалған ақпаратқа қатысты жауап берді.
- Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Қазақстанда коронавируспен ауырған адам тіркелді деген жалған ақпарат тарап жүр. Шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз,себебі елімізде бұл инфекциямен ауырып жатқан адам жоқ - дейді Денсаулық сақтау министрлігіндегілер.
Министрлік Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты инфекцияның алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.