ШҚО-да 1 күнде 9 мас жүргізуші ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында 1 күні ішінде мас күйде көлік тізгіндеген 9 жүргізуші анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2020 жылғы 13 ақпанда түнгі сағат 03.00 шамасында тәртіп сақшылары Глубокое ауданындағы «Өскемен-Алтай» тасжолында «ВАЗ 2107» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Полицейлер бірден 44 жастағы жүргізушіден алкогольді ішімдіктің иісін сезеді. Облыс орталығының тұрғыны медициналық тексеріске жіберілгеннен кейін оның орташа деңгейде мас болғаны анықталған.
Қазіргі уақытта Глубокое аудандық сотының үкімімен жеті жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған айыпталушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал көлігі айыппұл тұрағына қойылған.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде өңір бойынша «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде. Алғашқы күннің өзінде бекітілген жылдамдықты асырған 50 жүргізуші, қарсы бағытқа шығып кеткен 5 автокөлік, осыған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылса да рульге отырған 5 және мас күйде көлік тізгіндеген 9 адам анықталды. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 180 жүргізуші, жол ережесін бұзғаны үшін 180-нен астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылған.
«Айыппұл тұрағына 9 көлік қойылған. Жолдардың қауіпті учаскелерінде 190-нан астам көлік патрульдері ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ», - делінген ведомство мәліметінде.