Шығысқазақстандық жүргізуші 3 жылға сотталды
2022 жылдың 3 наурызында патрульдік полиция инспекторлары 31 жастағы жүргізушінің басқаруындағы көлік құралын тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде полиция қызметкерлері жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шығып тұрғанын байқаған. Жүргізілген куәландыру орташа дәрежедегі алкогольдік мас күйде екенін көрсетті.
Тексеру барысында 2020 жылғы 14 қаңтарда сот үкімімен аталған жүргізуші ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен сотталып, оған 50 500 теңге көлемінде айыппұл және үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалғаны анықталды.
Алайда, өзіне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын біле тұра, тиісті қорытынды шығармай, 2022 жылғы 11 мамырда сағат 01.30 шамасында, ол тағы да орташа дәрежедегі мас күйде рөлге отырып, оған қоса бөтеннің автокөлігін айдап әкеткен.
- Жасалған теріс қылықтардың қайталануын ескере отырып, 31 жастағы жүргізуші Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігі (айдап әкету) бойынша, ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотталды, онда оған көлік құралын жүргізу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ер адам жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде (қоныс-колониясы) өтейді, - деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.