Коронавирус: 1 тәуліктің ішінде тағы 57 адам көз жұмды
Қытайда коронавируспен ауырғандардың саны 17 205-ке жетті. 361 адам көз жұмды. Бұл туралы ҚХР денсаулықсақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті мәлімдеген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Бір күн бұрын ғана ауырғандардың саны 14 380, ал қаза тапқандар – 304 болатын. Яғни коронавирус бір тәулікте тағы 57 адамның өмірін жалмады.
«2 ақпан күнгі жағдай бойынша денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитет коронавирустың жаңа түрінен туындаған пневмонияны растады. 31 провинцияда 17 205 жағдай тіркелді. Оның ішінде 2296 адам ауыр жағдайда, 361 қайтыс болды, 475 адам ауруханадан шығарылды», – деп жазылған хабарламада.
Дереккөздің ақпаратына сәйкес, соңғы бірнеше тәулікте 2829 өзгеше жағдай анықталған. Гонконгта 15, Макаода 8 Тайванда 10 жағдай тіркелді. Сондай-ақ 21 558 адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырды деген күдікке ілінді және олармен жақын қарым-қатынастағы 152,7 мың адам бақылауда.
Айта кетейік, Қытай билігі 2019 жылдың 31 желтоқсанында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында белгісіз пневмонияның өршігені туралы хабарлады. Мамандар бұл ауруды қоздырғыш коронавирус екенін анықтады.