Риддерде балабақшаға 1 жастан қабылдайды
Риддер қаласының балабақшаларында бүлдіршіндерді 1-1,5 жастан қабылдайды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы қала әкімі Жомарт Мұратов Өскеменде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, қалада жекеменшік балабақшалардың көптеп ашылуына байланысты мектепке дейінгі білім мекемелерінің қатары артып, бала саны, керісінше, азайып кеткен екен. Мысалы, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында кәсіпкерлер үш балабақша ашқан екен.
- Ондағы мақсатымыз – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде бәсекелес қызмет нарығын құру болатын. Біз бұған қол жеткіздік деген ойдамын. Оның мәні неде? Жекеменшік балабақшалар ашылған соң бос орындар артылып қалды. Сондықтан олар бөбектерге арналған топтар аша бастады. Риддерде мұндай топтар жоқ болған, - дейді қала әкімі Жомарт Мұратов.
Енді ата-аналар балаларын балабақшаға 1,5 жастан бере алады. Кейбір мекемелер, тіпті, 1 жастан да қабылдап жатыр. Бұдан кейін мемлекеттік балабақшалар да бөбектерге арналға топ ашуды сұрай бастапты.
Аталған өзгерістердің арқасында қазір балабақша кезегінде жаңа туған сәбилерден бастап 1 жасқа дейінгі балалар ғана тұр екен.
Сондай-ақ, қаладағы 8 мектепке дейінгі мекеме мен 6 мектепте бейнебақылау камералары орнатылды.