"Бір ай уақыт беремін". ШҚО әкімі басқарма басшысына нақты тапсырма жүктеді
Шығыс Қазақстан облысындағы құлағы нашар еститін балаларға есту аппараты берілмей келеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысының қабылдауында болған Назгүл Жәкенова есімді тұрғын айтты.
– Қасымда отырған – қызым Мәриам. Қазір біздің әңгімемізді анық естіп отыр. Өйткені құлағында есту аппараты бар. Бірақ оны өзіміз сатып алдық. Денсаулық сақтау басқармасының берген аппараты баланың құлағына келмейді. Себебі құлақ кемістігі әртүрлі болады және соған сай аппараттардың да түр-түрі бар. Дәрігерлер мұны біледі, әлбетте. Бірақ ескермеген сыңайлы. Аппараттарды жалпыға бірдей бағамен сатып алған, – деп айтты Назгүл Жәкенова.
– Ілияс, бір ай уақыт беремін. Өңірдегі құлағы нашар еститін балалардың барлығын тексеруден өткізіп, қай балаға қандай аппарат керектігін анықтап, маған айт. 900 мың болса да, 90 мың болса да сатып аламыз. Бір жолда болмаса да, біртіндеп аламыз, – деп тапсырма берді Даниал Ахметов денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанға.
– Назгүл, сіз өте өзекті мәселе көтеріп отырсыз. Бір айдан кейін менің қабылдауыма келіңіз. Сіздің балаңызға қандай аппарат керек екендігін және оны қашан алатыныңызды айтамын. Облыста құлағы нашар еститін 900-ге жуық бала болса, соның барлығы алдағы 2-3 жылда қажетті есту аппараттарымен қамтамасыз етіледі, – деп түйіндеді Д.Ахметов.